Каспий құбыр консорциумының зақымдалғанына қарамастан, ТШО-дан мұнай үздіксіз айдалып жатыр

Теңіз кенішінен Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай үздіксіз айдалып жатыр. Бұл туралы «Интерфакс» басылымына кеніш операторы хабарлаған.
«Теңізшевройл компаниясы шикі мұнай өндірісі мен оны Каспий құбыр консорциумы арқылы айдау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр», – деп хабарлаған компания.
Қазақстан мұнайының 80%-ы осы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Бірақ 17 ақпан күні консорциумның Кропоткинская сорғы станциясына дрондар шабуыл жасап, зақымдалғаны туралы ақпарат тарады. Салдарынан консорциум құбыр арқылы мұнай айдау көлемі азайған болатын. Бұл оқиғадан соң Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак мұнай айдау стансасы жөндеуден өткізілетінін, оған бірнеше ай кететінін мәлімдеді. Сонымен бірге жөндеу жұмыстары кезінде айдалатын мұнай көлемі 30-40%-ға қысқаратыны айтылған еді.
Консорциумның зақымдалғанына қарамастан, Қазақстан кеніштерінде мұнай өндірісі төмендемеген. 19 ақпан күні Қазақстанның рекордтық көрсеткіштерге жетіп, 2,12 млн баррель мұнай өндіргені хабарланды.