
Шымкент қаласы мәслихатының шешімімен көпбалалы аналарға 8 наурыз мерекесіне орай 5 АЕК көлемінде бір реттік төлем беріледі. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімдігі хабарлады.
«Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем жасалады», – делінген баспасөз хабарламасында.
2025 жылы АЕК көлемі 3932 теңге көлемінде бекітілген. Сонда әрбір анаға 19 660 теңгеден беріледі.
Әкімдік мәліметінше, Шымкент қаласында 2025 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 67 741 көпбалалы ана тұрады. Оның 13 805-і «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін алған. Ал 4-5 баласы бар аналар саны – 53 936.
Бір реттік әлеуметтік төлем берілетін аналар автоматты түрде таңдалады. Олардың тізімін әкімдік «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорциясы КЕАҚ базасынан алады.