
ЛГБТ-ның депутаттарға шабуылын Ұлттық қауіпсіздік қызмет қарамайды. Яғни ЛГБТ-ға қарсы шығып жүрген Мәжіліс депутаттарға жасалған «ақпараттық шабуыл» жөнінде тергеу жүргізбейтін болды.
ҰҚК неге бас тартты?
Orda.kz хабарлауынша, ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев бұл жайттың Қылмыстық кодексте көрсетілгенін айтқан. Сондықтан депутаттарға тіл тигізу, қызметін сынау арнайы қызметтің құзыретіне кірмейді.
Ермек Сағымбаев ЛГБТ үгіт-насихатына тыйым салу туралы петицияның бұрын қаралғанын, ол кезде оны жарым-жартылай қолдау көргенін еске салған.
Ақпараттық соғыс
Айта кететін жайт, 2025 жылы қаңтар айында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны қолдап, парламент өкілдеріне қарсы «ақпараттық соғыс» ашқандарды тауып, жазалауды талап еткен еді. ЛГБТ үгіт-насихатына толық тыйым салу туралы петицияны өзгертпей, сол қалпында қабылдауды ұсынған.
«Шенеуніктер қарсы»
Депутаттың пікірінше, ол ұлт болашағына балта шабуды көздейтін азғындықпен күресіп жүр. Сондықтан осындай заң нормаларын дайындаған. Алайда ол «кейбір шенеуніктер Батыстың адам құқығы құндылықтарын алға тартып, қарсы болғанын» айтты.