Банк пен қаржы

Аудиторлық палатаның тексерісінен кейін бюджетке 135 млрд теңге қайтарылды

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Бүгін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов президент қабылдауында болып, 2024 жылға есеп берді. Аудиторлық палатаның тексерісінен кейін былтыр бюджетке 135 млрд теңге қайтқан. Бұл 2023 жылғы қаржыдан 5 есе артық

Палата мамандары жалпы құны шамамен 11 трлн теңгенің 27 аудиторлық іс-шарасын өткізген. Соның нәтижесінде 862 млрд-қа тең түрлі нормалар бұзылғаны анықталған.

Смайыловтың сөзінше, құрылыс нысандарында, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесінде олқылықтар жиі байқалған.

Осы жылы 40-тан астам аудиторлық іс-шара жоспарланған. Оның ішінде Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексермекші.

Осыған дейін Жоғарғы аудиторлық палата цифрлық даму саясатына қатысты тексеріс жүргізген. Аудит нәтижесінде 1,1 млрд теңгеге қаржылай заң бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 46,5 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланғаны белгілі болды.