
Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) 594 блогердің 93-іне қате хабарлама жіберген. Блогерлерге жіберілген салық есебі жайлы ескертулер әлі де күшінде қала береді. Бұл туралы комитет сайтында жазылған.
«2025 жылғы 19 ақпанда жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарып алу жүргізілгені туралы хабарлайды. Хабарламалардың күшін жоюдың себебі оларды жіберу және өңдеу процесінде техникалық ақаулардың пайда болуынан», – деп жазылған ведомство хабарламасында
Қазір салық органдары кері қайтарылған хабарламалармен жұмыс істеп жатыр.
Салықшылар неден қателесіп жатыр?
13-14 ақпанда МКК 600-ге жуық әнші, кәсіпкер, журналист тәрізді танымал тұлғаларға салық ескертуін жіберді. Комитеттің дерегіне сүйенсек, олар 2022-2023 жылдар аралығындағы миллиондаған кіріс бойынша салық есебін дұрыс бермеген көрінеді.
Өркен Кенжебек, Сырымбек Тау, Ләйлә Сұлтанқызы тәрізді тұлғалар салықты уақытылы төлеп отырғанын айтып, мұндай кірістері бар екенін мойындаудан бас тартты.
Кейінірек сондай хабарлама келген блогердің бірі Дарья Александрова 19 ақпан кешкі 20:17-де салықшылардан тағы хат алды. Ол жерде 120 млн теңге салық төлеу туралы хабарлама қате екенін жазылады. Артынша 3 минут өтпей жатып, хабарламаның өзі қате екені жайлы тағы бір ескерту келеді.
Дәл осылай 600-ге жуық блогердің 93-іне салық ескертуі қате деген хат келген. Бірақ олардың өзі қате болып шығып, салықшылар қайтарып жатыр. Демек бастапқы талаптар күшінде қалады. Кіріс комитетінен ескерту алған тұлғалардың барлығы сол күйі 2022-2023 жылдар бойынша табысын дәлелдеуі керек.