Жаңалықтар

Жаңа рекорд: Қазақстан бір тәулікте 290 мың тонна мұнай өндірді

Қазақстан мұнай өндіруде рекорд жаңартты / фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) бір станциясы істен шыққанына қарамастан, Қазақстан 19 ақпанда тәулігіне шамамен 2,12 миллон баррель (289 мың тонна) мұнай өндірді.

Тарихи көрсеткіш

Бұл туралы Reuters агенттігінің КҚК-дегі дереккөзі ресми мәліметке сүйене отырып хабарлайды. Мұнай өндірісіне қатысты ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Қазақстанның мұнай өндірісіне қатысты бұған дейінгі рекорды биыл 27 қаңтарда тіркелген. Сол кезде бір тәулікте 278 мың тонна мұнай өндірілгені айтылған.

Қазақстан мұнай өндірісін батысқа экспорттайтын құбыр желісіндегі мұнай айдайтын бір станцияның істен шығып қалғанына қарамастан арттырды. Ресей осы аптада ғана КҚК-ның мұнай тасымалдау әлеуеті 30-40%-ға кемитінін ескерткен. Оған 17 ақпанда жеті бірдей дронның шабуылдауы себеп болған.

«Мұнай құбырының жұмысы шектелген уақытта Қазақстанның осыншама көп мұнайды қалайша тасымалдай алғанын түсіну оңай емес», – деп жазды Reuters.

Қазақстанда өндірілген мұнайдың 80%-дан астамы КҚК арқылы тасымалданады. Мұнай экспорттаудың басқа баламасы жоқ.

Өндірістің арту себебі

Республикада көп мұнай өндіріліп жатқанына Chevron компаниясының Теңіз кен орнын игеруді кеңейтуі әсер етті. Америкалық компания кенішті кеңейтуге 48 млрд доллар бөлген.

Reuters мәліметінше, 19 ақпанда Теңіз кен орнында 920 мың баррель мұнай өндірілді. Салыстырар болсақ, қаңтар айында мұнда орташа есеппен тәулігіне 640 мың баррель мұнай алынған.

КҚК-ның мұнай тасымалдау әлеуеті 30%-ға шектелгені рас болса, онымен тәулігіне 500 000-680 000 баррель мұнай айдай аласың. Сейсенбі күні Қазақстан энергетика министрлігі мұнай ешқандай шектеусіз тасымалданып жатқанын мәлімдеген.