Жаңалықтар

«Қазақмыс» Ұлытау өңіріндегі Кеңгір су қоймасын мемлекет меншігіне қайтарды

Кеңгір су қоймасы стратегиялық нысанға жатады /Фото: shutterstock

«Қазақмыс» корпорациясына тиесілі болған Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасы  енді мемлекеттік меншік болады. Стратегиялық нысанға алаңдаушылық білдірген Бас прокуратура жезқазғандықтарды ауызсумен қамтып отырған су қоймасының гидротехникалық құрылыстарын мемлекетке қайтарды.

«Су қоймасы 1952 жылы салынған (319 миллион шаршы метр) және оның гидротехникалық құрылыстары стратегиялық объектілер катарында, демек мемлекет меншігінде болуы тиіс. Өз кезінде бұл объектілер қала құраушы кәсіпорын «Kazakhmys Distribution» ЖШС балансына берілген»,- делінген хабарламада.

Қойманы мемлекеттік меншікке қайтару үшін облыс прокуратурасы Су ресурстары министрлігіне жүгінген. Содан кейін сыйға тарту шарты жасалып, нысанды қабылдау-тапсыру актісі қабылданған.

Ведомствоның мәліметінше, енді су қоймасы тексеріліп, оған қандай жаңғырту жұмыстары қажет екені анықталады.

Айта кетейік, Кеңгір Ұлытау облысындағы ең ірі су қоймасы. Оның көлемі 319 млн текше метр.

Жезқазған жұртын алаңдатқан ауызсу мәселесі қашан шешіледі?

2022 жылы жеке облыс болып шыққан ұлытаулықтар әлі күнге дейін таза ауызсуға зәру болып отыр. Нақтырақ айтсақ, облыс орталығындағы жезқазғандықтар тіршілік нәрін сасып, көгере иістеніп кеткен Кеңгір ашық су қоймасынан ішіп отыр. Арнайы гидроцех ескі технологиясы арқылы тазартылғанымен, оның сапасы айтарлықтай мәз емес.

Ал президент Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынып жатқан «Айдос-Үйтас» жерасты су құбыры әлі іске қосылмады.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков  Жезқазған тұрғындары 2026 жылдың соңына дейін 70%-ға, 2027 жылдың соңына дейін жүз пайыз жер асты су қорымен қамтылады деп сендіріп отыр.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов былтыр 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету керектігін қатаң тапсырған.