
Қарағанды облысының Шет ауданында электр энергиясында күрделі ақау шығып, төтенше жағдай режимі енгізілді.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, ауданды электр қуатына жауапты «Шет-Энерго»компаниясы «Жезқазған электр тарату желісі» АҚ-ның электр энергиясын тасымалдау туралы талаптарын орындамай келген. Осыған байланысты ауданда электр қуатын беруге шектеу қойылды.
Ал аудан әкімдігі болса «Шет-Энерго» компаниясымен жағдай әлі де күрделі болып отырғанын хабарлады. Көптеген жылдар бойы компания электр желілерін жаңғыртуға инвестиция салмаған. Осының нәтижесінде бұл электр энергиясының жүйелі үзілістеріне әкеп соғып отыр.
«Адамдар жиі жарықсыз қалудан ғана емес, сонымен қатар жылусыз да қалады. Аудан тұрғындарынан бұл компанияның жұмысы туралы үнемі көптеген шағымдар түсіп келеді.Тұрақты ескертулерге қарамастан, «Шет-Энерго» қызметінің сапасы жақсармай келеді»,– делінген хабарламада.
Жергілікті әкімдік талай рет ескерту жасалса да, компания сапаны жақсартпады деп отыр. Сол себепті жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр екенін хабарлады.
«Шет-Энерго» компаниясының иесі кім?
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, Құрманғазы Амиров «Шет-Энерго» компаниясын басқарады. 2011 және 2015 жылдары екі мәрте экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алғыс хат алған.