Қырғызстан мен Тәжікстан шекара мәселесін реттеп болды

Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша түпкілікті хаттамаға қол қойды. Бұл туралы 21 ақпанда Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев мәлім еткен деп жазады kaktus.media.
Камчыбек Ташиевтің айтуынша, бұл екі елдің азаматтары үшін тарихи күн.
«Біз басшылардың қол қоюы үшін бірнеше құжат дайындадық: екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы келісім, үкіметтеріміз арасындағы су ресустары жөніндегі келісім, қиылысатын жолдарды пайдалану және жаңа жолдар салу туралы келісім. Бүгін біз келіссөздерді толығымен аяқтадық. Делимитация және демаркация жөніндегі комиссияларымыз ресми түрде шекарамыздың толық ұзындығы келісілгенін жариялайды», – деді Ташиев.
Хаттамаға қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегациялардың тең төрағалары Камчыбек Ташиев пен Саймумин Ятимов қол қойды.
Өткен жылдың соңында екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны анықтап, келісімге келген. Сол кезде бірнеше айдан кейін шекара мәселесін түбегейлі шешеміз деген болатын.