
Коста-Рика үкіметі Құрама Штаттардан депортацияланған негізінен азиялық мигранттардың бірінші тобын қабылдады. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Коста-Рика қауіпсіздік министрінің орынбасары Омер Бадилла Сан-Хосе мигранттарға бір ай тұруға рұқсат берілетінін, осы уақыт ішінде билік олардың отандарына өз еркімен оралуын үйлестіретінін айтты.
«Олардың көпшілігі өз елдеріне қайтқысы келеді», – деді Бадилла және бас тартқандар жеке-жеке қарастырылатынын айтты.
Мигранттар қатарында Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзірбайжан, Иран, Иордания, Қазақстан және Гана елдерінің азаматтары бар.
Еске салайық, Коста-Рика үкіметі АҚШ-пен депортацияланған 200-ге дейін мигрантқа уақытша баспана беру туралы келісімге келген.
АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі Америка Құрама Штаттарында көші-қон саясатының қатаңдауы мен ел шекарасын қорғау және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шараларға байланысты мәлімдеме жасаған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де АҚШ-та заңсыз жүрген отандастарымызға бірнеше рет ескерту жасады. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ-тағы ел азаматтары бұл мүмкіндікті пайдаланбаса, олар мәжбүрлі депортацияға ұшырауы мүмкін екенін айтқан.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Америка Құрама штаттарындағы консулдық есебінде шамамен 25 мың отандасымыз тіркелген. Ал қанша қазақстандықтың заңсыз жүргені туралы нақты мәлімет жоқ.