
Көрнекті жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков 82 жасында дүние салды. Қаралы хабарды ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді.
«Қайран, Дулат ағам-ай… Осыдан он-он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы маған осы ауыр хабарды жылап тұрып жеткізді. Жазушылар одағының төрағасына, ел ағаларына қаралы хабарды айттым. Қазір өзім ағамның үйіне кетіп барамын…» – деп жазды Қасымхан Бегманов.
Дулат Исабеков – 1942 жылы 20 желтоқсанда Түркістан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған.
Еңбек жолы
1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-68 жж. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-70 жж. «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-76 жж. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жж. «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-88 жж. ҚР Мәдениет минстрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, 1988-97 жж. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры болған. Кейінгі жылдары республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы қызметін атқарған.
Шығармалары
1963 жылы «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесi «Лениншiл жас» газетiнiң үш нөмiрiне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңiнен таныстырды.
«Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын»(роман, 1980) т.б. кітаптары шыққан.
«Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды.
Шығармаларының экранизациялануы
Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.
Пьесалары
Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. «Әпке», «Ертеңдi күту», «Мұрагерлер», «Кiшкентай ауыл», «Ескi үйдегi екi кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жiбек», «Әншi құстар фестивалi», «Мұңлық- Зарлық» атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театрлары қатысты.
Kursiv.Media редакциясы көрнекті қаламгердің дүние салуына байланысты жазушының туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады.