
Міндетті автосақтандыру — бұл әрбір көлік иесі үшін заңмен бекітілген талап. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғалары кезінде үшінші тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды өтеу. Бұл жүйе жүргізушілердің қаржылық жауапкершілігін арттыруға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Міндетті автосақтандырудың негізгі қағидаттары
Міндетті сақтандыруды рәсімдеу әрбір жүргізуші үшін міндетті. Егер автокөлік иесі сақтандырусыз жолға шықса, ол заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сақтандыру полисі көліктің емес, иесінің атына рәсімделеді және Қазақстан аумағында жарамды болады.
2025 жылғы өзгерістер: «бонус-малус» жүйесі
2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Қазақстанда міндетті сақтандыру жүйесіне жаңа өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістерді Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен. Жаңа жүйенің басты мақсаты — жүргізушілерді жолда тәртіп сақтауға ынталандыру. Сол арқылы жол ережелерін жиі бұзатындарға сақтандыру құнын көтеру.
Жаңа сақтандыру сыныптарын енгізу:
- Автосақтандыру сыныптары 15-тен 18-ге дейін кеңейтілді.
- Ең жоғарысы — 13-сынып, мұнда сақтандыру бағасы ең төмен.
- Ең төменгісі — М2- сынып, мұнда жүргізушілер ең қымбат сақтандыру полисін рәсімдейді.
- Жаңадан көлік тізгіндеген жүргізушілерге А-сыныбы беріледі (коэффициенті — 1.8). Бұл қазіргі жүйедегі 3-сыныппен (1.0 коэффициенті) салыстырғанда қымбатырақ.
- Шетелдік жүргізушілерге автоматты түрде 13- сынып тағайындалады, бұл олардың сақтандыру шығындарын азайтады.
М2-сыныбы кімдерге беріледі?
Бұл сынып келесі өрескел заң бұзушылықтар үшін белгіленеді:
- Мас күйінде көлік жүргізу немесе мас адамға көлікті басқаруға беру.
- Жол-көлік оқиғасы кезінде адамның жарақаттануы немесе қаза табуы.
- Бір жыл ішінде жылдамдықты 40 км/сағ және одан жоғары бірнеше рет асыру.
- Жаяу жүргіншілерге жол бермеу немесе бағдаршамның қызыл сигналына өту.
- Басқа көлік жүргізушілеріне қауіпті жағдай туғызу.
Егер жүргізуші басқа өңірде жол апатына себепкер болса немесе ірі материалдық шығын келтірсе, оның сақтандыру сыныбы бірден екі деңгейге төмендейді.
«Тәртіпті» жүргізушілер үшін жеңілдіктер қарастырылған
Атап айтқанда:
- Егер жүргізуші жыл сайын жол апатына ұшырамаса, оның сақтандыру сыныбы автоматты түрде жоғарылайды.
- 13-сынып талаптары бойынша елімізде 5 жылдан астам уақыт тұрып, жол ережелерін бұзбаған жүргізушілер үшін сақтандыру компаниялары полис құнын арзандататын жеке коэффициенттерді қолдана алады.
Автосақтандыру құны қалай есептеледі?
Сақтандырудың бағасы бірнеше факторларға байланысты есептеледі. Мәселен:
- Жүргізушінің сақтандыру сыныбы: жоғары сынып —бағасы төмен болады.
- Жүргізушінің жас ерекшелігі мен тәжірибесі: жас және тәжірибесіз жүргізушілер үшін тарифтер жоғары болуы мүмкін.
- Көліктің түрі мен қозғалтқышының көлемі: қозғалтқышы үлкен көліктер үшін тариф жоғары.
- Тіркелген өңір: мегаполистерде, мысалы, Алматы мен Астанада сақтандыру бағасы басқа өңірлерге қарағанда жоғары.
Міндетті автосақтандыруды рәсімдеу тәртібі
Сақтандыруды келесі тәсілдермен рәсімдеуге болады:
- Сақтандыру компаниясының кеңсесінде тікелей.
- Электронды үкімет порталы (Egov.kz) арқылы онлайн режимде.
- Сақтандыру компанияларының ресми веб-сайттары арқылы.
Онлайн-полис рәсімдеу жүргізушілер арасында ең танымал қызметтердің бірі. Себебі бұл уақытты үнемдейді және қажет болған жағдайда электронды құжатты смартфон арқылы жіберуге болады.
Автосақтандыру полисінің мерзімі мен қолданылуы
Міндетті автосақтандыру полисі әдетте 1 жылға рәсімделеді. Ол бүкіл Қазақстан аумағында жарамды. Егер жүргізуші шетелге шықса, оған халықаралық сақтандыру полисі (мысалы, «Green Card») қажет болады.
Сақтандырусыз көлік жүргізгендерге қандай жаза қолданылады?
Қазақстан заңдарына сәйкес, сақтандырусыз көлік жүргізген жүргізушілерге айыппұл салынады. Сонымен қатар, сақтандыру полисі болмаған жағдайда жол апаты кезінде келтірілген шығынды толық жүргізушінің өзі өтеуі керек.
Міндетті автосақтандыру жүйесі Қазақстанда жүргізушілердің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және жол қозғалысына қатысушыларды жауапкершілікке ынталандырады. 2025 жылғы жаңа «бонус-малус» жүйесі «тәртіпті» жүргізушілерді шақыруға бағытталған, ал жол ережелерін жиі бұзатындарға сақтандыруды қымбаттатады. Бұл өзгерістер жол қозғалысы мәдениетін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді.
Еске сала кетсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтырғы қарашада «Ашық НҚА» порталында сақтандыру қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы қабылданған болатын. Құжат міндетті автосақтандыру құнын есептеу үшін пайдаланылатын «бонус – малус» жүйесін жетілдіруді көздейді.