Аутстаффиң: қызметкерді жалға алатын жаңа тәсілдің ерекшеліктері неде?

Бизнесте кадрға қатысты мәселе көп туындайды. Қызметкерлерді штатта ұстаудан бөлек тәсілдер бар. Бүгін айтқымыз келіп отырған тәсіл тіпті көпшілікке жақсы таныс аусторсиң де емес. Әңгіме аутстаффиң жайлы. Оның айырмашылығы неде? Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
Аутстаффиң деген не?
Аутстаффиң дегеніміз — белгілі бір тапсырманы орындату үшін маманды не түгел бір команданы уақытша жалдау. Яғни штатқа қабылдамайды, бірақ қызметкер ретінде тапсырма береді. Бір қарағанда аутсорсиңге қатты ұқсайды деп ойлап қаласыз. Дегенмен біршама айырмашылығы бар.
Аутстаф қазір IT-саласында кеңінен танылып келеді. Мысалы, компанияға бағдарламалық жасақтама жасауға адам керек болып жатыр делік. Бірақ ол адамды еңбек шартын жасап штатқа алуға мүмкіндік жоқ. Осындайда аустаффиң қолданылады.
Негізі бұл әдісті кез келген бизнес пайдалана алады. Дегенмен бүгінде финтех саласы өте көп жүгінеді. Неге? Өйткені банктердің барлығы дерлік өте көлемді ішкі жасақтама жүргізеді. Былайша айтқанда, өнімдерді импорттайды әрі жаңасын жасап отырады. Ал оның бәріне маман көп қажет. Керек екен деп барлығын бірдей компанияға жұмысқа ала алмайтыны анық. Олай болса, аутсорстан айырмашылығы неде екенінен бастайық.
Аутсорсиң мен аутстаффиңнің ерекшеліктері
Аутстаффиң мен аутсорсиңнің жұмыс істейтін схемасы екі түрлі. Мысалы, аутсорсиңге бергенде, клиенттің тапсырысына қарай өнімді бастан-аяқ жасап шығады. Яғни жұмыс нөлден басталады. Жинақталған команда жобаның техникалық тапсырмасын әзірлеп, дайындайды. Жасап берген соң бірнеше жыл бойы қалыпты жұмыс істеп тұруы үшін суппорт жасайды. Айталық, шаңғы тебуге керек-жарақтар сататын компания онлайға шығып, интернет-дүкен ашқысы келеді делік. Олар бұрыннан офлайн істеп жүргендіктен қарамағында IT-команда жоқ. Интернет-дүкен жасап беру үшін қызметкерлерді штатқа алса, қымбатқа түсіп кетейін деп тұр. Сондай кезде аутсорсқа жүгініп, дүкен жасатады. Осылайша дайын өнім мен оның қолдау қызметін қоса алады.
Ал енді аутстаффиң болса, компанияда белгілі бір өнім жасап басталып кеткенде қолданылады. Яғни команда жұмысы жүріп жатыр, бірақ маман жеткіліксіз. Тек бір жерлерін ғана реттеп беретін адам керек болғанда аутстаф тәсіліне жүгінеді. Сол миссияны орындап болған соң екі жақ тарқаса салады. Демек, бұл нұсқаны штатта IT-мамандары бар, инфрақұрылымы жасалған компаниялар қолданады деген сөз. Қызметкері ауырып қалған, демалысқа шығып кеткен не жұмыстан кетіп қалған компаниялар осылайша шамалы уақытқа қызметкерді жалға алады.
Кейде осы екі тәсілдің комбинациясын қолданатындар да болады. Бірақ мұндайда клиент аутсорсқа толықтай жасақтама жасауға тапсырма беріп, оларға көмектесу үшін аутстаф алынбайды. Өйткені аусторсиңге алған кезде ол жерде команда жинақталып қоятындықтан, клиент қосымша тағы адам іздеп жүрмеуі керек. Егер командада біреу жетіспей жатса, оны аутсорс тобы өзі шешеді. Комбинация былай болады: компанияның бір уақытта атқаратын бірнеше тапсырмасы бар делік. Оның бір бөлігін толықтай аутсорсқа тапсырып қойған. Ал енді бір бөлігіне аутсафф қызметкер алуға болады. Болмаса, аутсорс-жасақтама жасайтындар керек болған жағдайда өз ішінде шешіп, аутстафқа маман алуы мүмкін.
Аутстаффиңнің кемшіліктері мен артықшылықтары
Жағымды тұстары:
- Жұмыс жылдам жүреді. Аутстафқа қызметкер алған оңайырақ. Штатқа алғандағыдай ұзын-сонар құжат қабылдау процесі болмайды. Аутстафф-компания клиенттің сұранысына қарай ұсыныс жасайды. Клиент болса ұнайтын, ұнамайтын тұстарын айтады. Сөйтіп маман жобаға қосылады. Барлық процесс бас-аяғы бірнеше күнде бітеді. Білікті маман болғандықтан, жаңа қызметкер нақты тапсырмаларды тезірек реттеп, өнімді мейлінше жылдам әзірлеуге барын салады. Соның арқасында нарыққа өнім жылдамырақ ұсынылады.
- Флекси режим. Бұл тәсіл өте икемді. Себебі адам іздегенде нақты қандай критерийлерге жауап беруі керегі белгілі болады. Мәселен клиентке Java-бағдарламалаушы, аналитик және тестер үшеуі бірге керек делік. Ондайда аутсафф-компания бәрін бір күнде тауып береді.
- Ақшаға үнем болады. Себебі мұндай тәсілде рекрутиңге ақша шығармайсыз. Еңбек демалысы, ауырып қалғандағы демалыс, салық мәселелерімен бас қатпайды. Аутстафта клиент сағатына белгілі бір соманы келіседі де, сол бекітілген қаражатты төлейді. Ал қызметкердің салық төлемдері, әлеуметтік жарна, басқа да міндетті төлемдер — аутсафферлердің мойнында. Ол мамандар жеке қызметкер ретінде емес, аутстафта істейді. Кейбірі салық жүктемесін жеңілдетіп, қызметкерлерге кететін шығынды азайту үшін әдейі осы әдісті қолдануы мүмкін.
- Уақыттан ұтасыз. Сырттан адам тартқан кезде вакансия барын жариялап, сұхбаттасу өткізіп, сынақ жасап отырмайсыз. Бәрін аутстафпен айналысатын компания реттеп береді.
- Әкімшілік жұмыстар жеңілдейді. Аутстаффиң кезінде қызметкерлерді бақылау, кадр жинақтау, заң және әкімшілік мәселелерін шешумен айналысып отырмайсыз. Ұсақ мәселелерді ойламай, бизнес толықтай негізгі міндеттерге назар аудара алады. Оған қоса форс-мажор да азырақ. Сырттан келген мамандар біреуі ауырып қалса не әлдене бола қалса, әріптестерінің орнына жұмысын істеп береді.
Кемшіліктері:
- Сапаны бақылау қиындау. Өйткені мамандар қашықтан істейді. Қаншалықты және қалай орындалып жатқанын қадағалау оңай болмайды.
- Қауіпсіздік жағы ақсайды. Құпиялық өте маңызды болса, сырттан адам тартатын тәсіл компанияға үйлеспейді. Себебі қашықтан істейтіндер сіздің қорғаныс шараларыңызды толықтай орындайды деп айту қиын.
- Ортақ ісі жаны ашу жағы азырақ. Сырттан келген адамдар компания мәдениетіне онша кіріспейді. Себебі штатта болмағандықтан оған ол дүниелер маңызды болмауы мүмкін.
- Бұл тәсілді барлығы бірдей қолдана алмайды. Айтқандай, қауіпсіздік жүйесі өте қатал компаниялар аутстаффиң таңдамайды. Себебі сырттан адам қосуға рұқсат жоқ. Одан қала берді маманның қай жерде тұратыны маңызды, локациясы тексеріліп отыратын компания да аутстаф тәсіліне жүгінбейді. Өйткені фриланстағылар қазір белгілі бір қалаға байланып отырмайды. Олар бір күні — бір елде, екінші күні екінші жерде жүре береді.
- Кей стектер қымбатқа шығады. Әсіресе, сұраныс жоғары мамандар мен тапшы мамандық иелері аз ақшаға келіспейді. Жалпы мұндай тенденция аутстафта ғана емес, штатта да бар. Дегенмен стектер уақыт өте келе өзгеріп тұрады. Мысалы бүгінде DevOps пен Go қымбат стек саналады. Әйтсе де, бірнеше айдан кейін жағдай мүлдем басқа бағытқа өзгеріп кетуі ғажап емес.
Бұған дейін IT-жобалардың бюджетін қалай дұрыс жоспарлауға болатыны туралы жазған едік. Оның ішінде жобаны бастағанда нені ескеру керек, қаражатты қалай есептейміз, бюджетті дұрыс басқару үшін нені білуіміз қажет екенін талдағанбыз.