
Алаяқтар әскерде ауыр жарақат алып, қазіргі таңда емделіп жатқан Ербаян Мұхтардың еміне деп ақша жинаған. Бұл туралы Ербаянның заңгері Инга Иманбай хабарлады.
Ол Раушан есімді жазылушысы Тараз қаласында Ербаянның еміне ақша жинау туралы хабарландыруды байқағанын айтады. Көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, сөйлескен кезде, арғы жақтағы адам бұл қаражат Ербаян үшін жиналып жатқанын растаған.
«Алайда бұл – жалған ақпарат. Тараз қаласының құқық қорғау органдарын осы жағдайға назар аударуға шақырамыз. Басқа біреудің қайғысынан пайда көруге жол беруге болмайды», – дейді құқыққорғаушы.
Инга Иманбай Ербаянға арналған қаражат жинау тек анасының жеке есепшотына жүргізілетінін атап өтіп, ұзақ мерзімді оңалту шараларына қаражат жинау жалғасып жатқанын жеткізді.
Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланға сап-сау болып барып, сал болып шыққан. Ресми дерек бойынша, ол әжетханада құлап, басын кафельге соғып алған. Бұған Ербаянның ата-анасы сенбейді. Баласы әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болды деп санайды. Ербаян қазіргі уақытта Түркияда емделіп жатыр.
Инга Иманбай бұған дейін Ербаянның денсаулығы жақсарып келе жатқанын айтқан.