
Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысы Амангелді ауданында жолда қалып қойған адамдар құтқарылғанын хабарлады.
Амантоғай ауылынан 22 шақырым жерде «Әулиекөл-Жалдама» автожолының жабық учаскесінде жолда қалып қойған 98 адам құтқарылған. Оның ішінде 18 бала бар.
«Құтқарылған 7 адам, оның ішінде 6 бала Амантоғай ауылының жылыту пунктіне жеткізілді. Сондай-ақ қар құрсауынан 8 жеңіл автомобиль жолдың тазартылған учаскесіне сүйретілді» делінген ТЖМ хабарламасында.
Одан бөлек Сарыкөл ауданында Соналы ауылынан 5 шақырым жерде «Сарыкөл-Комсомольское» автожолында құтқарушылар қар құрсауынан автожолдың тазартылған учаскесіне 2 адам мінген жеңіл автокөлікті сүйреп шығарған.
Бұған дейін ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше облыста жол жабылатынын хабарлағанбыз.