
Жасанды интеллект қазір машина айдай алады, түрді тез таниды, кітап оқиды, жеке психологыңыз да бола алады. «Бәрін білетін» бұл технология жайлы тереңірек білгіңіз келсе, AI мен ML қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін кітаптарға шолу жасайық.
AI әлемінен хабары жоқ адамдар алдымен Алан Тьюриңнің 1950 жылы жарыққа шыққан мақаласын оқып шыққаны жөн. Мақала «Есептеуіш машиналар мен сана» деп аталады. Мұны жасанды интеллект саласының әліппесі десек болады. Өйткені автор«машина ойлана ала ма» деген сұрақтың төңірегінде талдау жасайды.
Homo Roboticus? Люди и машины в поисках взаимопонимания», Джон Маркофф
Автор – ғылым жайлы жазатын журналист. Бұл кітапта жарты ғасырдан астам уақыт бойы ғалымдардың ақылды машина жасауға барын салуының себебін іздейді. Робототехника, жасанды интеллект бағдарламаларының кезең-кезеңімен қалай іске асқанын, белді университеттерде жасанды интеллект зертханалары қалай жұмыс істейтінін осы жерден білуге болады. Маркофф роботтар болашақта бізге дос бола ма, көмекші бола ма, әлде қожайынымыз бола ма деп ойландырады.
Artificial Intelligence a Modern Approach/ «Искусственный интеллект. Современный подход», Стюарт Рассел, Питер Норвиг
Жасанды интеллект теориясы мен практикасы жақсы түсіндірілген кітап. Норвиг өзі –Америкалық жасанды интеллект қауымдастығының мүшесі. АҚШ пен өзге де дамыған елдерде жасанды интеллект саласындағы мамандар дәл осы оқулықпен сабақ өтеді. Кітап өте жеңіл әрі түсінікті тілде жазылған. Техникалық та, философиялық аспектілер де талданған. Іш пыстырмайды, ішінде иллюстрация көп. Орынды әзілдер, тарихта болған оқиғаларға сілтеме жасап кеткен кез де аз емес.
How to create a mind: The Secret of Human Thought Revealed / «Как создать разум: секрет человеческого мышления раскрыт», Рэй Курцвейл
Рэй Курцвейл – футуролог. Ол кітабында миды компьютерде модельдеу тарихы туралы қызық параллельдер келтіреді. Осылайша, нейрон желілерінің қалай пайда болғанын әңгімелеп береді. Жасанды интеллектіге қатысты өз болжамын да осы туындысында айтады.
Deep Learning Illustrated. A Visual, Interactive Guide to Artificial Intelligence
/ «Глубокое обучение в картинках. Визуальный гид по искусственному интеллекту», Джон Крон, Грант Бейлевельд, Аглаэ Бассенс
Терең оқу деген не және оның машинаны үйретуге қандай қатысы бар деген сауалдың жауабын авторлар осы кітабында әдемі мысалдармен түсіндіреді. Оған қоса, AlphaGo алгоритмі, OpenAI мен DeepMind-тың GPT-3 жүйелерінің (кітап жазылған кезде ең мықты мәтін генерациялайтын жүйе осы болған еді) қалай жұмыс істейтінін сипаттап шыққан. Жасанды интеллект әлемінен біршама хабары бар адамдарға, жас IT-мамандарға кітап қызық болуға тиіс.
Weapons of Math Destruction. How Big Data Increases Inequality and Threatens Democracy / «Убийственные большие данные. Как математика превратилась в оружие массового поражения», Кэти О`Нил
Автор – математик әрі деректерді өңдеу маманы. Кэти О`Нил биг дата әлеміне бірге саяхаттауға шақырады. Реал кейстерді көрсете отырып, ол алгоритмдер туралы біраз әңгімені талдап беріп, ақ-қарасын ажыратады. Автор жасанды интеллект жүйелерінің қаржы, заң, жұмыспен қамту, білім және басқа да салаларға қалай зиян тигізуі мүмкін екенін айтады. Егер абайлап пайдаланбаса, жасанды интеллект пен биг датаның корпорациялар мен үкіметтің қолындағы қолшоқпарына айналуы мүмкін екенін айтады.
The Master Algorithm. How the Quest for the Ultinate Learning Machine Will Remake Our World / «Верховный алгоритм. Как машинное обучение изменит наш мир», Педро Домингос
Жасанды интеллектінің техникалық аспектілері тамаша талданған кітап. Уашиңтон университетінің профессоры машинаны үйрету мен кез келген тапсырманы орындай алатын әмбебап алгоритмді іздеу жайлы түсінікті тілде жеткізеді. Домингостың жасанды интеллектінің нейробиологиямен, психологиямен қалай байланысатынын көрсетіп, технологияның әлемді қалай өзгерте алатыны туралы әңгіме өрбітеді.
Superintelligence. Paths, Dangers, Strategies / «Искусственный интеллект. Этапы. Угрозы. Стратегии», Ник Бостром
Автор – Оксфорд университетінің профессоры. Бұл кітапта ол жасанды интеллектіден қандай қауіп төнуі мүмкін екенін талдап жазған. Ақылды машиналарды қауіпсіз қолданбаса болмайтынын ескертеді. Тіпті осы кітап шыққан соң қауіпсіздік мәселесі мінберден көп айтылып, алпауыт IT-компаниялардың басшылары өздерінде қауіпсіздік қандай деңгейде екеніне есеп беруге мәжбүр болған екен.
Our Final Invention. Artificial Intelligence And The End Of The Human Era / «Последнееизобретение человечества. Искусственный интеллект и конец эры Homo sapiens», Джеймс Баррат
Кітаптың авторы жасанды интеллектіге спексиспен қарайтындардың қатарына жатады. Мұнда Джеймс Баррат жасанды сананың қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін тізбектеп шығады. Ол AI-дың ядролық қару секілді екі жағы бар екенін айтады.
Естеріңізде болса, бұған дейін Microsoft корпорациясының негізін қалаушы әрі экс-директоры, филантроп, қоғам қайраткері Билл Гейтстің сүйікті 4 кітабы туралы жазған едік.