
2024 жылдың төртінші тоқсанында шағын және орта бизнес өкілдерінің несиеге деген сұранысы біршама өсті. Банктер бұл үрдісті мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының қайта жандануымен байланыстырады. Ұлттық банк 19 екінші деңгейлә банк арасында жүргізген сауаланама нәтижесі осындай.
Ірі кәсіпорындар да қаржыландыруға қызығушылық танытқанымен, банктер ұзақ мерзімді экономикалық болжамның күрделілігі ірі инвестициялық жобаларға сұраныстың артуын шектеп отырғанын атап өтті.
Дегенмен, кейбір банктер бірнеше инвестициялық жобаның іске қосылғанын хабарлаған. Ірі бизнес тарапынан несие өтінімдердің саны 9%-ға өсіп, 214-ке жетті, алайда орташа өтінім мөлшері 13%-ға төмендеп, 8,8 млрд теңгені құрады.
Шағын және орта бизнес сегментінде қаржыландыруға сұраныстың артуына банктер ұсынған жаңа онлайн-өнімдер мен жеңілдетілген несиелеу шарттары әсер етті. Шағын бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 10%-ға артып, 930 мыңға жетті, ал орта бизнес бойынша бұл көрсеткіш 2%-ға өсіп, 4,7 мыңды құрады.
Қаржы институттары ірі бизнес кредиттерін мақұлдау коэффициентінің 60%-ға дейін артқанын, ал орта бизнес бойынша бұл көрсеткіш 41% деңгейінде тұрақты қалғанын және шағын бизнес несиелерін мақұлдау деңгейінің 33%-ға дейін төмендегенін атап өтті.
Ипотека, тұтынушылық және автонесие
Төртінші тоқсанда ипотека және автокредиттерге сұраныс артып, тұтынушылық несиелерге қызығушылық төмендеген.
Банктер ипотекаға деген сұраныстың артуын құрылыс компанияларымен серіктестіктің жалғасуы және жаңа өнімдердің іске қосылуымен байланыстырды. Дегенмен, кейбір банктер ипотекалық портфельді ұлғайтпау үшін кепіл талаптарын күшейтті. Нәтижесінде ипотекалық өтінімдердің жалпы саны 5%-ға өсіп, 228 мыңға жетті.
Есесіне тұтынушылық несиеге деген сұраныстың төмендеуі байқалды. Сарапшылар мұны пайыздық мөлшерлеменің өсуімен және кепілге қойылатын талаптардың қатаңдауымен түсіндіреді. Тұтынушылық несиеге түскен өтінімдер саны 16%-ға қысқарып, 40,8 мыңды құрады.
Кепілсіз қарыздарға дегенн сұраныстың азаюы III тоқсанда енгізілген реттеуші өзгерістермен байланысты болды. Кепілсіз кредиттерге өтінімдер саны 20,2 млн-ға жетіп, өткен тоқсанмен салыстырғанда 2%-ға азайды.
Автонесие: Бұл бағыттағы сұраныс автосалондардағы маркетингтік науқандар және банктердің жаңа цифрлық өнімдері арқасында өсті. Автокредитке өтінімдер саны 3%-ға өсіп, 1,2 млн-ға жетті.