Берік Уәли Абай облысын тікұшақпен айналып шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Берік Уәли Абай облысын тікұшақпен аралап шықты / фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдегі су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен аралап шықты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Берік Уәли әкім орынбасары Димитрий Гариков пен Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары А.Штыкельмен бірге Бородулиха, Жаңа Семей аудандары мен Семей қаласының қауіпті аумақтарын әуеден бақылап, гидрологиялық жағдайды бағалады.

Су тасқынына қарсы дайындық қалай жүріп жатыр?

Әуеден шолу барысында Шүлбі су электр станциясының жағдайы, сондай-ақ Ертіс пен Уба өзендерінің көктемде су деңгейі көтерілетін учаскелері зерттелді. Қауіптің алдын алу мақсатында мұз жару жұмыстары жүргізілген елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ.

Бородулиха ауданындағы Красный Яр, Переменовка ауылдары мен Жезкент кентінің маңындағы қар қалыңдығы бақылауға алынды. Бұл аумақтарда жыл сайын мұз жару жұмыстары жүргізілетіндіктен, әкімдік ерекше назар аударып отыр.

«Бүгін өзендерде мұз жару жұмыстарына дайындық барысын тексердік. Қазір облыстың басқа да аудандарындағы тасқын қаупі бар елді мекендерді тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз», – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Ертістегі жағдай қандай?

Әкімнің тікұшақпен бақылауы барысында Ертіс және Уба өзендеріндегі мұз қабаты мен су деңгейі зерттелді. Қардың қалыңдығы анық байқалғанымен, оның толықтай еру белгілері әзірге жоқ. Ертіс өзенінің Семей қаласы маңындағы Холодный ключ аумағында мұз кесектерінің жиналуы байқалған, бұл су деңгейінің көтерілуіне әсер етуі мүмкін.

Берік Уәли екі аудан мен облыс орталығындағы гидрологиялық жағдайды саралай келе, су деңгейін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Алдағы уақытта Бесқарағай ауданының Жетіжар, Кривинка ауылдары мен Семей қаласы маңындағы Ертіс өзенінде мұз жару жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстарды тоқтатпау керек. Жақын арада Бесқарағай, Үржар, Мақаншы, Ақсуат аудандарына барып, су тасқынына дайындық барысын көріп шығамын. Қазіргі таңда өңірдегі ахуал тұрақты», – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Берік Уәли 17 ақпанда Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен Абай облысының әкімі болып тағайындалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз