Нью-Йорк – Дели бағытында ұшқан Boeing 787 ұшағы Каспий теңізі үстінде апаттық жағдайда бағытын өзгертті

American Airlines-тың Нью-Йорк – Дели бағытындағы AA292 рейсі Каспий теңізі үстінде бағытын өзгертіп, Римдегі Фьюмичино әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл шешім борттағы жарылыс қаупіне байланысты қабылданған, деп хабарлайды Euronews.
Ұшу маршруты неге өзгерді?
Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы сенбі күні кешке жергілікті уақытпен 20:30-да Нью-Йорктің Кеннеди әуежайынан ұшқан. Алайда жексенбі күні Каспий теңізі үстінде экипаж мүшелері шұғыл шешім қабылдап, бағытын Италия астанасы Римдегі Фьюмичино әуежайына бұрды.
Ұшақ жексенбі күні 17:22-де Римге қонды. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, лайнерді екі әскери жойғыш ұшақ алып жүрді.
Бортта кімдер болды?
AA292 рейсінде 199 жолаушы және экипаж мүшелері болған. Барлығы қауіпсіз эвакуацияланды. Жолаушыларға көмек көрсетіліп, олардың әрі қарай Делиге сапары басқа рейстермен ұйымдастырылды.
Ұшаққа тексеріс жүргізілді
Қауіпсіздік хаттамасына сәйкес, барлық жолаушылар тексеруден өтті. Саперлер мен полиция ұшақтың ішін толық тексеріп, жарылыс қаупі жоқ екеніне көз жеткізді.
Маршрут бойынша ұшақ Стамбул немесе Дубай әуежайларына да қонуы мүмкін еді. Алайда, әуе компаниясы Риммен байланыс ұстап, Италияға қонуды жөн көрді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баку – Грозный бағытындағы Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтауда құлаған еді.