Жаңалықтар

Қырғызстанда қайтыс болған адамның үйінде 3 күнге дейін мал сойып, ас беруге тыйым салынды

Марқұмның үйінде 3 күнге дейін ас беруге тыйым салынды / фото: shutterstock

Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы (Муфтият) марқұмды жерлеу және оған құран бағыштау рәсімдеріне қатысты жаңа пәтуа шығарды. Енді қайтыс болған адамның үйінде алғашқы үш күнде мал союға және ас беруге (қазан көтеруге) қатаң тыйым салынады.

Бұл шешім Үкімет қаулысына сәйкес ысырапшылықтың алдын алу мақсатында қабылданған. Сонымен қатар, бейсенбіліктерде, жетісі, жиырма күндігі, қырқы, елу екі күндігі және жылы берілген аста да мал союға рұқсат жоқ.

Марқұмның үйінде алғашқы үш күнде неге қазан көтерілуге болмайды?

Муфтияттың түсіндіруінше, алғашқы үш күн марқұмның отбасы үшін қаралы күндер болып есептеледі. Осы кезеңде ас беруді үй иесі емес, көңіл айтуға келген жақындары мен көршілері ұйымдастыруы тиіс.

«Бұл пәтуаның мақсаты – қаралы отбасына ауыртпалық салмау және қазаның қамын емес, дұғасын жасауға көңіл бөлу», – делінген Қырғызстан діни басқармасының хабарламасында.

Жаңа пәтуаға сәйкес, енді марқұмға бағышталып оқылатын құран күндерінде жыртыс таратуға да тыйым салынды. Киім-кешек, орамал немесе басқа да киіт үлестіру ысырапшылдық саналады, сондықтан мұндай дәстүрлерден бас тарту ұсынылып отыр.