Жаңалықтар

Арман Қырықбаев президент көмекшісі болып тағайындалды

Арман Қырықбаев
Арман Қырықбаев бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі болған / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Арман Қырықбаев жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Қырықбаев бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Өмірбаяны

Арман Қырықбаев 1976 жылы Астана қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға түсіп, «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша оқыған.

Еңбек жолын, СІМ-де Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Балтық жағалауы елдері басқармасының референті ретінде бастаған.

1997-2002 жылдар арылығында Сыртқы істер министрлігінде әртүрлі қызметтер атқарған.

Ал 2002-2005 жылдары «АВЕ Корпорациясында», «Ойлтранс Лимитед» компанияларында қызмет атқарған.

2005 жылы Алматы қаласындағы Медеу ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұл қызметте жүріп, қаланың Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры қызметін қатар атқарған.

Сонымен қатар әр жылдары Қарағанды облысы әкімінің, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін де атқарған. Алматы қаласына Бауыржан Байбек басшылық еткен кезде және Ерболат Досаев келген тұста әкім орынбасары лауызымында қызмет еткен. 2024 жылы Алматы әкімдігінен президент әкімшілігіне ауысқан.