2024 жылы төтенше жағдайды ерте ескерту жүйесіне 5,3 млрд теңге жұмсалған

2024 жылы төтенше жағдайда іске қосылатын ескерту жүйелерін сатып алуға 5,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
«Жыл сайын ескерту жүйесін жаңғыртуға қаржы бөлініп отырады. 2024 жылы жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 760 дабыл құрылғысы, 15 басқару пульті (3 қалалық және 12 аудандық) және телерадио хабарларына қосылуға арналған 2 бірлік техника сатып алынды», – делінген премьер-министрдің жауабында.
Бұл құрылғылардың барлығы да Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қыс», «Көктем», «Қорғау», «Зымыран» және «Жер» командалық-штабтық оқу-жаттығулары негізінде жыл сайын тексеріліп отырады. Қазіргі таңда бүкіл ел бойынша 4204 құрылғы жұмыс істейді. Олардың 1384-і электросирена, 2820-ы дыбыстық дабыл құрылғысы.
Сонымен бірге 16 өңірде телевидение және радиобайланысқа қосылуға мүмкіндік беретін құрылғылар жұмыс істейді. Қалған үш өңірде – Ұлытау, Алматы, Маңғыстау облыстарында бұл құрылғы келесі жылы іске қосылады.
Болашақта барлық өңірлерде Алматыда іске қосылған «Mass Alert» жүйесі жұмыс істейтін болады. Бұл жүйе қуаты 5,5 балды құрайтын және одан жоғары жер сілкінісі тіркелген кезде тұрғындарды автоматты түрде хабардар етіп отырады.
«Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұялы байланыс операторлары бұл жүйені еліміздің барлық өңірлерінде енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде», – делінген жауапта.
Айта кетейік, депутат Андрей Лукин Қазақстанда төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйесінің дайындығы сын көтермейтінін айтып, Бектеновтен салада аудит жүргізуді сұраған болатын.