Жаңалықтар

Қырғызстанда Қазақстан ЖОО-ларының филиалы ашылуы мүмкін

Қырғызстанда Қазақстан ЖОО-ларының филиалы ашылуы мүмкін / Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қырғызстанда Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының (ЖОО) филиалы ашылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанада премьер-министр Олжас Бектенов Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізген.

Келіссөз барысында Бектенов екі ел арасындағы сауда-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтіп, 2024 жылы сауда айналымы 1,7 млрд долларды құрағанын айтқан.

Сонымен бірге, транзиттік-көлік, су-энергетика, туризм, мәдени ынтымақтастық төңірегінде келіссөздер жүргізілген.

«Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық желісі бойынша биыл Қырғызстанда Қазақ киносы күндерін өткізу жоспарланған, сондай-ақ Қырғызстан аумағында қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелері пысықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.