
Қазақстандағы «Береке» микроқаржы ұйымы мен «Сейф Ломбард» ЖШС-ның иесі Игорь Кимге Ұлыбритания билігі санкция салды.
Игорь Ким – Ресей азаматы. Ол Ресейдегі «Экспо банктің» негізгі акционері саналады. Ал Қазақстанда оның «Береке» атты микроқаржы ұйымы бар. Бұл компания жақында ребрендинг жасап, атын «Safe Bank» деп өзгетуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек Қазастандағы бес ірі ломбардтың бірі «Сейф Ломбардқа» иелік етеді.
Ким 2023 жылдың желтоқсан айында АҚШ санкцияларына ұшыраған. Санкция ол иелік ететін «Экспо банкке» салынған болатын. Ким Ресейдегі «Экспобанктің» негізгі акционері. Сонымен қатар оның Латвиядағы AS Expobank және Сербиядағы Expobank JSC банктерінде үлесі бар. Банкир бір жылдары HSBC-нің ресейлік бизнесін сатып алған. Ал 1990 жылдары УРСА Банк және МДМ Банк сияқты банктердің құрылуына ықпал еткен.
Жалпы Ұлыбританияның санкциялық тізімінде 107 мекеме кірген. Бұл компаниялар Ресейге әскери қолдау көрсеткені үшін қара тізімге еніп отыр.
«Бұл шаралар Путиннің қазынасына түсетін қаражатты азайтуға және Ресейдің клептократиялық жүйесіне қарсы қолданылып отыр», – делінген құжатта.
Бүгін, 24 ақпанда, ЕуроОдақ Ресейге қарсы 16-санкциялар пакетін жариялаған болатын. Санкциялық тізімге қазақстандық екі компания да ілінді. Құжатта MetallStan LLP және Kazstanex компанияларының Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсеткені үшін қара тізімге енгізілгені туралы жазылған.