Жаңалықтар

«Дайын болу керек». Бозымбаев Қарағанды облысында су тасқыны қаупі жоғары екенін айтты

Су басу қаупі
Қарағанды облысының 150 елдімекенінде су тасқыны қаупі сақталады / Фото: kursiv.media архив

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі жоғары. Өңірдегі 150 елдімекенді су басу қаупі бар. Жағдайды бақылау үшін өңірге премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев арнайы келген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Су тасқыны қаупі бар бірқатар елдімекендерге бардық. Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында қар деңгейі нормадан жоғары. Шет ауданына келетін болсақ, қар нормадан төмен, ылғал қоры да қалыпты деңгейде. Топырақтың қатуы өткен жылмен салыстырғанда төмен. Осы жерде қажетті жұмыстардың жүргізілгендігіне көз жеткіздік. Бірақ дайын болу керек. Болжам бойынша жауын-шашын көп түсіп, күннің жылынуы күтілуде», – деп мәлімдеген Бозымбаев.

Су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар жүргізілді?

Қарағанды облысында су тасқынына қарсы 180-ге жуық іс-шара жүргізілген. Олар мынадай:

  • 65 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылған;
  • Өзектердің 18 км астам су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілген;
  • 26 км дренаждық және су бұру жүйелері тазартылған;
  • Автомобиль жолдарының 75 учаскесінде су өткізу қабілеті артқан.

Облыс бойынша су тасқыны қаупі жоғары 150 елдімекен, 217 су шаруашылығы құрылыстары ерекше бақылауға алынған.

Ал 1 наурыздан бастап жағдайды бақылау үшін жоғары дайындық режимі енгізілмек. Осыған орай Қарағанды облысының әкімдігіне жағдайды күнделікті бақылау міндеттеліп, барлық күш пен техниканы дайындыққа келтіру тапсырылған.