Жаңалықтар

Мұсабек батыр және Уильям Волос: қайсысы мықты?

«Өлтіріп Мырза биді намыс үшін, Қоқанның хандығынан алған кекті»/Коллаж: «Жау жүрек» фильмінен скрин. kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

Мұсабек батыр – Қоқан хандығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің ұйытқысы болған жаужүрек тұлға. Қазақтың хас батыры 1815–1886 жылдары өмір сүрген. Қазақтың қыздарының ары үшін, жасанған жауға қарсы тұрып, жеңіске жеткен халық батыры.

«Алғашқы түн құқығы»

Бір өкінішті жайт, қазіргі буын өзінің айбынды батырларынан гөрі ағылшын үстемдігіне қарсы күрескен Уильям Волос туралы жақсы біледі. «Жау жүрек» фильмінде Мел Гибсон сомдаған образ бүкіл әлем жұртшылығын тамсандырғаны анық. Десе де, қайсарлығы мен қаһармандығы Уильям Волостан әлдеқайда асып жығылатын қазақ батырын білетіндер қазір саусақпен санарлық.

Мұсабек батыр туралы әңгімелеген кезде, Уильям Волосты бекер сөз етіп отырғанымыз жоқ. Сол заманда ағылшын әміршілері Шотландия халқын езгіге салған. Ауыр алым-салықты айтпағанда, «алғашқы түн құқығы» деген сұмпайы салық енгізген. Яғни, шотландиялық қыздар тұрмыс құрса, алғашқы түнді сүйгенімен емес, жатжұрттық билеушілермен өткізуі тиіс болған. Фильмде бұл «тағылық дәстүр» егжей-тегжейлі көрсетілген.

Зұлым заң

ХІХ ғасырдың екінші жартысында бұл озбыр заңды Қоқан билеушілері қазақтарға қолданбақ болды. Яғни, Қоқан әміршілерінің бірі Мырза би Сыр бойындағы қазақтарға «қыз салығын» сала бастады. Қоқан билеушілері он екіде бір гүлі ашылмаған қазақ аруларын бір түндік ойыншығына айналдырғысы келді. Ақиқатын айту керек, ХІХ ғасыр – Қазақ хандығының шаңырағы ортасына түсіп, қазақ даласының батысы мен солтүстігі Ресей империясының, оңтүстігі Қоқан мен Хиуа хандығының қанжығасында кеткен кезең еді.

Хараж салығы

Шынтуайтына келсек, қоқан билеушілері қарамағындағы қазақтарға өзінің бұқарасы ретінде қарамады. Елді жоқшылыққа ұрындырған ауыр алым-салық алды. Бұл салықтан гөрі тонаушылыққа көбірек ұқсайтын еді. Тіпті, қоқан билеушілері көшпенділерді «мұсылман» деп санамай, өзге дінді ұстанатындарға салынатын хараж салығын салудан да тартынбаған.

Бұл озбырлық Қоқан хандығына қараған қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінің бұрқ етуіне түрткі болды.

Жаным – арымның садақасы

«Қыз салығы» шықпай тұрып-ақ, Мұсабек батыр Қалдарбекұлы Қоқанға қарсы партизандық әскери іс-қимылды бастап кеткен болатын. Қарашаның дүние-мүліктерін тартып алып келе жатқан Қоқан әскерлерін торуылдап, қырып салып, мал-мүлігін иелеріне қайтарып жүрді.

«Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп білетін далалықтарды «қыз салығы» дүр сілкіндірді.

Ордабасы оқиғасы

Ордабасы тауы – Қазақтың елдігі жоғалмаған тұста, үш жүздің басы қосылып, жоңғарларға бүкіл қазақ баласы бір жұдырық болып жұмылып, сұрапыл соққы беруге сөз байласқан жер. Бұл барша қазақ үшін қасиетті мекеннің құтын қашырып, Ташкент құсбегі Мырза би келіп қоныс тепті. Жанында қаптаған қарулы нөкері бар. Қазақтарға жасаған басқа қиянатын айтпағанда, ортағасырлық жабайы заңды алға тартып, сол түні даланың хас сұлуларын ермек етпек.

Өзінің жасырын некесін қиған әйелін ағылшындардың зорлығына ұшырап, опат болғанша, Уильям Волостың қарсылық көрсетуге ниеті болмады. Ал Мұсабек батыр – әрекеттің адамы. Халқына жасалған қиянатқа көз жұмып қарамайды. Дереу қылышын қынаптан суырады. «Қыз салығы» туралы естіген бойда басын бәйгеге тігіп, ел алдында зұлымның көзін жоюға серт береді.

Сайыпқыран қырық жігіт

Туған өлкесінің жер жағдайын бес саусағындай білетін батыр керемет арнайы операция жоспарын жасайды. Мырза биді өлтіруге саны аз болса да, ең сайыпқыран жігіттерді іріктеп, шағын жасақ құрады. Мұсабек батыр бастаған қазақтың қырық батыр жігіті түн жамылып, қарындастың кегін қайтаруды көздейді. Саны көп, жасанғанды жауға қарсы «тәуекел» етіп Ордабасыға қарай жортады.

Мұсабек батырдың жоспары – күтпеген жерден жасалған шабуыл сәтті болды. Саны көп дұшпан әскерінің ту-талақайы шығады. Бадам өзенінің жағасында Мұсабек батыр өз қолымен Мырза бидің басын алды. Басшысынан айырылған әскер қолын көтеріп, сауға сұрайды.

Қоқанға қарсы көтеріліс

Қоқан хандығының қазақтарға қатысты зұлым саясатына қарсы қазақтың өзге рулары да бас көтеріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ жаумен алысуды құп көреді. Ақиқатын айтайық, Қоқан хандығы – сол заманның даму легіне ілесе алмай, көштен қалған, феодалды ел болса да, мемлекет еді. Ал мемлекетке қарсы тұру қашан да оңай нәрсе емес. Уильям Волос – қаншалықты жаужүрек батыр болса да, ағылшынның айлалы патшасының құрығына түседі. Денесін пәршектеп, төртке бөліп, өзгелерге сабақ болуы үшін Ұлыбританияның төрт бұрышына апарып көмеді.

Сапақ датқа ультиматумы

Бұл тұрғыдан алғанда, Мұсабек батырдың жолы болды. Оның қайсарлығы Мұсабек батырдан бір мысқал кем түспейтін, бірақ дипломатиядан хабары бар, сұңғыла саясаткер, қоқандық билеушілерінің мінез-құлықтары мен «фобияларын» бес саусағындай білетін туған ағасы болды. Ол Алашқа әйгілі Сапақ датқа еді.

Сапақ датқа болмағанда, сыр бойы қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің немен бітерін болжау қиын. Сапақ датқа Қоқан мен қазақтар арасындағы қарулы жанжалды дипломатиялық жолмен шешуді ұйғарады. Қоқан ханы Құдиярға ультиматум қояды.

Қазақтардың талабы

Оның шарттары бойынша, Қоқан хандығы зұлымдықтарды тыйып, көтерілісті басып-жаншу үшін әскер жіберуден бас тартып, қазақтардың саяси, құқықтық және экономикалық еркіндігін толық қалпына келтіруі тиіс. Әйтпесе, қазақтар Қоқан ханының билігімен ат-құйрығын кесісетінін алға тартады. Қазақтардың жалғыз емес екенін, Қоқан ханының қас жауы – Бұқар хандығымен одақтасуы мүмкіндігін айтады.

Дипломатиялық жеңіс

Қоқан ханы қас жауы – Бұқар ханының қазақтар есебінен күшеюінен аяқ тартты ма, әлде қазақтардың Орталық Азияға ентелеп кіруге әзір тұрған Ресей империясы жағынан шығып кетуінен секемденді ме, әйтеуір Сапақ датқаның ультиматумын қабыл алады. Көнуге мәжбүр болады. Осылайша, Сыр бойы қазақтарының көтерілісі діттеген мақсатына жетті. Қазақтар саяси, экономикалық және құқықтық еркіндігін қайтарып алды.

Ақындар Мұсабек батыр туралы

Мұсабек батырдың даңқы қазақ даласына кең тарайды. Ел жадында мәңгі сақтау үшін ақындар жырына қосады. 

Майлы қожа батырдың ерліктерін былайша суреттейді:

Сары даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мол қылған.

Мырза биді өлтіріп,

Батырлығын даң қылған,

Мұсабек батыр жандардан.

Молда Мұса да батырды мадақтап:

Қоңыратта білемісің Мұсабекті,

Солардай болар едің болсаң текті.

Өлтіріп Мырза биді намыс үшін,

Қоқанның хандығынан алған кекті, – деп жырлаған.

Бабалар ерлігі ұмытылмасын десек

Мұсабек батырдың ерлігі, Сыр бойы қазақтарының көтерілісі туралы тарихшылар зерттеп жатыр. Жазушылар жазған көркем әдебиеттер де бар. Бірақ қазіргі жас буын ағылшындардың Робин Гуды мен Уильям Волостарды аузынан тастамайды. Бірақ олардан әлдеқайда мықты бабалары болғанын біле бермейді. Бұған әлемдік киноның да ықпалы бар екені даусыз.

Қазақ киносы енді дамып келеді. Болашақта Мұсабек батыр секілді қазақтың даңқты бабалары туралы да фильмдер түсіріліп, келер ұрпағымыз «Мен – Робин Гудпын, Уильям Волоспын!» деп емес, «Мен – Мұсабек батырмын!» деп төсін қағып, ойнайтын де күнде туар.