Жаңалықтар

Тарихтағы ең ірі кибершабуыл. Ұрланған қаржыны тапқандарға 140 млн доллар береді

Фото:shutterstock

Хакерлер әлемдегі ең ірі криптобиржаның бірі Bybit-ты бұзып, Ethereum атты әмиянынан 1,4 млрд долларға тең криптовалюта ұрлап кеткен. Енді криптобиржа иелері ұрланған қаржыны қайтарған адамға сол соманың 10%-ын яғни 140 млн доллар сыйақы ұсынуға уәде берді.

Әзірге Bybit-ті бұзғандардың солтүстік кореялық Lazarus хакерлік тобына қатысы бар екендігі белгілі. Оны Arkham сараптамалық компаниясындағы ZachXBT блокчейнін зерттеуші анықтаған. Зерттеушіге 50 000 ARKM токені көлемінде сыйақы берілді.

22 ақпанда белгісіз біреулер Bybit криптобиржасына шабуыл жасап, 1,5 млрд доллар ұрлап кеткен. Бирждағы суық әмияндардың бірі Ethereum-ды (яғни офлайнда тұрған, активтерді сақтауға ең қауіпсіз деп есептелетін орын) бұзған.

Күдікті транзакцияларды әуелі биржа қолданушылары байқап қалған. ZachXBT криптозерттеушісі Bybit әмияндарындағы үлкен сомадағы аударымдарға назар аударады. Кейінірек биржаның басшысы Бен Чжоу ұрлық болғанын растады.

Алаяқтар алдымен әмиянның интерфейсіне бақылау орнатқан. Одан кейін барлық қаржыны белгісіз мекен-жайға аударады. Онлайн-сарапшылардың мәліметінше, ұрланған активтерді 20-дан аса әмиянға бөліп жіберген. Осы арқылы ұрлықтың ізін жасыруға тырысқан көрінеді.

Bybit басшылығы басқа әмияндар аман қалған, барлығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Егер ұрланған қаражат қайтпаса, клиенттерге шығынды өз қалтасынан төлеуге уәде берді.

Bybit — сауда көлемі жағынан Binance-тан кейінгі ең ірі платформаның бірі. 2025 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша, әлемдік криптовалюта саудасының 6%-ы осы биржаға тиесілі еді.

Хакерлердің шабуылына ұшыраған Ethereum – танымал криптовалюталардың бірі. Бірақ осы жағдайдан кейін сеніміңізден шықса, басқа да валюталар бар. Мына жерден 2025 жылы сатып алуға тұрарлық криптовалюталар тізімін оқуға болады.