Жаңалықтар

Ұлттық қордан бөлінетін қаражатқа тексеру күшейеді

Фото: gov.kz

Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі Комиссия жұмысын қайта бастады. Жоғары аудиторлық палатада арадағы ұзақ үзілістен кейін алғаш рет комиссия отырысы өтті.

Комиссия 2014 жылы президенттің өкімімен құрылған. Ол Ұлттық қордың қаражатына бақылау жасап отыру керек . Алғашында Ұлттық Банктің қарамағында жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап Жоғары аудиторлық палата қарамағына ауысты. Енді оның құрамы өзгеріп, қызметі жаңарды. Ұлттық қор шығындарына мониторинг жасайтын комиссия құрамына:

  • Президент Әкімшілігі
  • Ұлттық Банк
  • Бас Прокуратура
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
  • Қаржы мониторинг агенттігі
  • Ұлттық қауіпсіздік комтитеті
  • Қаржы және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері енді.

Бұл комиссия жұмысы неге маңызды?

2000 жылы Ұлттық қор құрылған кезде мұнайдан түскен қаржыны болашақ ұрпақ үшін сақтау керек деген мақсат болған. Бірақ соңғы жылдары Ұлттық қор қаржысы үкімет шығындары үшін жұмсалып жүр.

Қазір қорда 32,65 трлн теңге бар. Былтыр оның 6,3 трлн теңгесі бюджет тапшылығын алу үшін пайдалынылды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұлай жалғаса берсе, «2036 жылға қарай Ұлттық қор сарқылады» деген еді.

Тоқаев та Ұлттық қордың қаражаты тиімді жұмсалуы керек деп бірнеше рет тапсырма берген.

«Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», — деген еді ол былтырғы жолдауында.

Жоғарыдағы жағдайлардан кейін қор қаражатының жұмсалуына бақылау күшейе бастады. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі Комиссия жұмысын бастауы – соның бір белгісі. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан кейін қорды пайдалануға назар күшейтіп жатыр деді.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшеюде. «Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды», — деп атап өтті ол.

Комиссияның алда тұрған міндеті қандай?

  • Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
  • Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру

Комиссияның алғашқы отырысында оның қызметін жаңа форматқа келтіру, қорытындылар сапасын арттыру және басқа да мәселелер талқыланды.