
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның күйеу баласы, елдегі ең бай кәсіпкердің бірі Иштван Тиборц ресейлік Райффайзенбанк-ті сатып алуы мүмкін. Бұл туралы аустриялық Der Standard басылымы жазады.
Райффайзенбанк деген қандай банк?
Райффайзенбанк – аустриялық Raiffeisen Bank International (RBI) қаржы ұйымының еншілес банкі. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан, ресейлік нарықтағы маңызды ойыншылардың бірі.
Der Standard жазуынша, кәсіпкер Тиборц RBI-мен келіссөздер жүргізуді бастап кеткен. Басылым сілтеме жасаған дереккөздердің сөзінше, оған ресейлік Орталық банк пен РФ Президент әкімшілігінің өкілдері де қатысады.
Мәмілені RBI-дің бақылау кеңесінің отырысында талқылаған. Дегенмен тараптар нақты келісімге келе алмаған тәрізді.
Бірақ Тиборцтың өкілдері банкті сатып алу туралы жаңалықты жоққа шығарды. Венгрия премьер-министрінің күйеу баласы басқаратын BDPST Group-тың «Ресейге іскерлік қатысы жоқ» деп атап өтті олар. RBI бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Иштван Тиборц – Венгриядағы ең бай адамдардың бірі. Forbes Венгрия тізімінде 15-ші орында. Венгрия премьері Виктор Орбанның қызы Рахель Орбанға үйленген.
Тиборц сатып алуы мүмкін деген Райффайзенбанктің Қазақстанға қандай қатысы бар?
2021 жылы Райффайзенбанк Қазақстан қор биржасының (KASE) шетелдік мүшесі атанды. Қазір биржада акционерлер тізімінде екінші орында тұр (номиналды акционері). KASE құнды қағаздарының 13,1%-ын иеленеді. Бірінші орында – қор биржасы акцияларының 46,9% үлесін иеленетін Ұлттық Банк. Жалпы акционерлер тізімінде 100-ге жуық қатысушы бар.
Егер Иштван Тиборц Райффайзенбанкті сатып алатын болса, онда Қазақстандық қор биржасының акционері де атануы мүмкін.
Райффайзенбанкке тиесілі 140 мың акция бұрын ресейлік «Тетис Кэпитал» және «Баланс Эссет Менеджмент» атты инвесткомпанияларға қарайтын еді. Олар 2024 жылдың қазанында олар Мәскеулік биржаның 13,1%-ын сатып алды. Осыдан кейін Қазақстан қор биржасындағы акционерлер тізімінен шығарылды.