Lifestyle

Hyundai, Chevrolet, Kia, Chery: Қазақстанда қай автомобиль көп сатылды

Қазақстанда 2025 жылғы қаңтарда көп сатылған автомобильдер / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Hyundai тағы да көш бастады. 2025 жылғы қаңтар айында Қазақстанда барлығы 11 252 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,1% артық.

«Қазақстан автомобиль одағы» баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті автонарық түрлі акциялар өткізіп, автонесие ұсыну арқылы тұтынушы тартуға көбірек көңіл бөліп отыр. Бұған қоса, нарық дилер желісін дамыту мен кеңейтуға инвестиция тартуды да естен шығармайды.

Республика автонарығында Hyundai екі жылдан бері лидерлікті ешкімге бермей келеді. 2024 жылы Қазақстанда 44 мыңнан аса Hyundai көлігі сатылған. Жергілікті тұтынушыларды осы брендтің Tucson маркасы көбірек қызықтырады.

Нарықтағы үздік бестік

Одақ қаңтарда автокөліктердің қай түрі көп сатылғаны туралы да мәлімет жариялады.

  • Қазақстан нарығында 2025 жылғы алғашқы айда Hyundai көш бастады. Бір айда 3 203 автомобиль сатылды. Өсім – 2,8%.
  • Екінші орын – Chevrolet. 1 191 өнім сатылды. Өсім – 48,3%
  • Kia үшінші сатыға түсіп қалды. Өткен айда осы брендтегі 980 автомобиль өткен.
  • Қытайлық Chery автомобилінің де саудасы қаңтарда 34,4% төмендеген – бар болған 709 көлік сатылған.
  • Алғашқы бестікке Geely кірді. Қаңтарда 660 дана сатылып, сауда өсімі 104,3%-ға жетті.

Одақ елдегі автомобиль нарығындағы жағдайды «тұрақты» деп бағалап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда Changan, Chery және Haval қытай автокөліктерін құрастыратын зауыт жазға дейін ашылатынын жаздық.

Өткен аптада республикада отандық автоөндірісті қолдау мақсатында автонесиеге жеңілдік жасалғаны мәлім болды.