Lifestyle

Президент қызының жақтасына атылған оқ өзбек саяси элитасына жік салды

Сарапшылар 40 жастағы Саида Мирзиева әкесінің орнына келуі мүмкін деп болжайды / фото: Telegram/Saida Mirziyoyeva

Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзиёеваның жақтасына жасалған қастандық осы елдің саяси элитасы арасында жік туғызды. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды.

Автомат атылмай қалды

Өзбекстанға танымал саяси тұлғалардың бірі Комил Алламжонов мінген Range Rover көлігіне бірнеше оқ атылған. Бұл оқиға Ташкент шетіндегі Қыбрай ауданында болған.

«Жаңбыр жауып тұр. Айнала қараңғы. Мен ештеңе көріп үлгермедім», – деп еске алды сол түнді Алламжонов. Одан соң көлікке төрт мәрте оқ атылды. «Мен жүргізушіге газды бас деп дауыстадым!»

Қымбат көлік артқа жүріп, оқ атылған орыннан дер кезінде кетіп үлгереді. Кейін мәлім болғандай, шабуыл жасаған адамның ескі Калашников автоматы атылмай қалған. Алламжонов өзінің тірі қалғанын Financial Times-қа осылай түсіндірген.

2024 жылғы қазанда өзбек президентінің қызы Саида Мирзиёеваның одақтасына жасалған қастандық Өзбекстанды дүр сілкіндірді. Билік басындағы отбасына жақын адамға оқ атқан күдікті шұғыл іздестіріліп, оның ізі Оңтүстік Корея мен Шешенстанға жетелеген.

Комил Алламжонов президент қызы Саиданың жақтасы / фото: kun.uz

Саяси элитадағы тазалау науқаны

Артынша қауіпсіздік қызметінің лауазымы жоғары бірнеше қызметкері жұмыстан шығарылды. Осылайша Орталық Азияда 35 млн халқы бар республиканың саяси истеблишментін тазалау науқаны басталды.

Алламжонов кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Ол мемлекет басшысына реформашыл жаңа президент имиджін қалыптастыруға көмектескен.

Кейінгі жылдары Алламжонов президенттің 40 жастағы қызы Саида Мирзиёеваның қасынан табылып, елдегі ықпалды адамдардың бірі болып қала берді.

Саиданың ықпалы артқан сайын оның күйеу баласы Отабек Умаровпен бәсекелесуі де күшейді, деп жазды басылым. Отабек президенттің кенже қызы Шахнозаның күйеуі. Сарапшылар оны «Ташкенттің алтын буын өкілі» деп сипаттайды.

«Ақша үшін істедік»

Әскер сот ықпалды тұлғаға жасалған шабуылға қатысты жабық сот өткізді. Өткен сәрсенбіде он үкім шықты, бірақ кінәлі деп танылған бес адамның ғана аты-жөні аталды. Олардың арасында президент отбасына қатысы болуы мүмкін ешкім жоқ. Алайда үш сотталушы қауіпсіздік органының бұрынғы өкілі болып шықты.

«Шабуыл мені есеңгіретіп тастадым. Осындай жағдайға тап болам деп ойлаған емеспін», – дейді Алламжонов. Алайда ол сот үкімі туралы ештеңе айтпады.

Сол түні қара киінген екі күдікті қылмыс жасалған орыннан мотоциклмен қашқан. Олар Ташкенттің шығысында бес сағаттық жердегі Ферғана қаласына жеткен. Қырғызстанға өтуді ойлаған. Бірақ полиция олардың ізіне түсіп үлгерген. Қашып құтылмайтынын түсінген күдіктілер әлеуметтік желіде видео жариялаған.

«Біз бұны ақша үшін ғана істедік», – деп мойындаған киллерлердің бірі.

Қадыровтың қоқан-лоқысы

Полиция күдіктілерді қолға түсірген. Артынша терегушілер тапсырыс берушіні іздестіріп, Шешенстанға шыққан.

Құқық қорғау органдары екі күдіктінің Ресей азаматы екенін жариялап, Ташкент Шешенстаннан оларды ұстап беруді талап етті. Алайда республика басшысы Рамзан Қадыров бұл қылмысқа шешендердің қатысы барын жоққа шығарып, күдіктілерді беруден бас тартты.

«Шабуылды мен ұйымдастырған болсам, істі аяғына дейін жеткізуші едім», – деп жазды Қадыров Telegram-арнасына.

Содан кейін ол жәбірленуші Алламжоновтың өзіне қоқан-лоқы көрсетті.

«Комил Алламжоновқа… Тез арада доғар, әйтпесе осы жасаған әрекеттерің үшін өзің жауап бересің», – деп жазды Шешенстан басшысы.

Президент отбасындағы кикілжің бүкіл елдің жанжалына айналады

Бір айдың ішінде Өзбекстанда мемлекеттік қызметтегі бірнеше адам орнынан алынды. Умаров та қауіпсіздік қызметінен кетіп, елдің Олимпиада комитетіне ауысты.

Екінші із тергеушілерді Оңтүстік Кореяға жеткізді. Киллердің пәтерін тінту кезінде жаңа деректел табылды. Өзбек кәсіпкері Жавлон Юнусов республикаға экстрадицияланды. Кәсіпкер 18 жылға соттады.

Президент күзетінің бұрынғы басшысы Шухрат Расулов 23 жылға қамалды. Ташкент милициясы бастығының бірінші орынбасары жеті жылға сотталды. Екі киллер де 23 жылға бас бостандығынан айрылды.

Алайда, сарапшылардың айтуынша, Қыбрайда түнде атылған оқ елдің саяси элита арасында жік туғызып үлгерді. «Ендігі жерде бір ғана отбасы ішіндегі кикілжің бүкіл елдің жанжалына айналады«, – дейді FT сарапшысы.