
Украина президенті Владимир Зеленский соғыстың үш жылдығы қарсаңында баспасөз конференциясын өткізіп, бейбітшілік орнату үшін қызметтен кетуге дайын екенін мәлімдеді.
Қызметімді НАТО-ға алмастырамын
Киев қаласында әлемнің ірі медиа өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз конференциясы екі сағатқа созылды.
«Украинада бейбітшілік орнату менің қызметтен кетуім қажет болса, мен оған да дайынмын. Сондай талап болса, қызметімді НАТО-ға ауыстыруға әзірмін», – деп мәлімдеді Зеленский.
Оның айтуынша, дүйсенбі, 24 ақпан – Украинадағы соғыстың басталғанына үш жыл толуына орай, ауқымды саммит өтеді. Оған Еурокомиссияның толық құрамы, батыстың ондаған көшбасшысы қатысады.
АҚШ талабы туралы
Зеленский АҚШ-тың Украина қазба байлықтарына кіруі туралы ұсынысы әлі де талқыланып жатқанын, Киевтің мүддесінен шықпайтын бірнеше нұсқасы болғанын айтты.
Ол Украина Құрама Штаттар президенті Дональд Трамптың 500 млрд доллар қарыз дегенін мойындамайды деп мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, Украина соғысқа 120 млрд доллар жұмсады, АҚШ 100 млрд, ал Еуропа мен басқа да әріптестер тағы 100 млрд берді.
«Біз грантты қарыз деп мойындамаймыз. Украинаның он буынына қарыз артатын борышқа келіспеймін», – дейді украин президенті.
Соған қарамастан, Зеленский Құрама Штаттармен, оның басшысы Трамппен де ортақ келісімге келгісі келеді.
«Сайлаусыз диктатор»
Украина басшыс өзін «сайлаусыз диктатор» деп айптаған Трамп мәлімдемесіне қатысты пікірін жеткізді.
«Президент Трамптың маған қарата айтқан сөздерін мақтау дей алмаймын. Бірақ соған бола ренжудің қажеті шамалы. «Диктатор» деген айыптауға шынымен диктатор ғана ренжиді», – деді президент.
Бұған қоса, ол ондаған жылдар бойы билікте отырғысы келмейтінін де атап өтті.
Сонымен бірге, Зеленский соғысты аяқтау туралы келіссөздерді Украинаның қатысуынсыз өткізу дұрыс емес деп есептейді.
«Уақыты келеді – президент Трамппен кездесеміз. Онсыз соғысты аяқтау мүмкін емес. Бір тараптың, Украинаның, соғыста жәбір көрген елдің қатысуынсыз соғысты аяқтау мүмкін емес«, – деп мәлімдеді ол.
Осыдан тура үш жыл бұрын, 2022 жылғы 24 ақпанда, Ресей әскері Украина аумағына басып кірді. Ресей президенті Владимир Путин көрші елді «үш күнде жаулап аламыз» деп мәлімдеді. Алайда Кремль үш күнге жоспарлаған қарулы қақтығыстың жүріп жатқанына үш жыл толып отыр.