Жаңалықтар

Әскерге шақырылатындар саны тағы көбейді. Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 42 098 сарбаз аттанады

Әскерге шақыру наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында жүргізіледі / Коллаж: kursiv.media архиві

Биыл 42 098 қазақстандық әскер қатарына шақырылатын болды. Үкімет қаулысына Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

«Әскерге шақыру комиссияларының жұмысын және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі саны 42 098 ер азаматты 2025 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында әскерге шақыру жүргізілсін», – делінген қаулыда. 

Қаулыда көрсетілгендей, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері әскерге шақыру комиссияларының жұмысын қамтамасыз етуге міндеттелді.

Айта кетейік, 2024 жылы 18 бен 27 жас аралығындағы 40 148 азамат әскерге аттанса, 2023 жылы олардың саны 37 мың  болды.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі 3000 әскери міндетті әскери жиынға шақырылатынын хабарлады.

Жыл сайын елдегі 200-250 мың әскери міндетті азаматтар әскерге шақыртылады. Жалпы әскерге жарамды 750 мың азамат бар болса, 350-400 мыңы әртүрлі себептермен әскерге жарамсыз. Жалпы бір жылда сол азаматтардың 40 мыңы ғана әскерге шақыртылады. Ал әскери жиындардан жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.