Трамадолды рецептісіз сатқандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады — ІІМ ескерту жасады 

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
2023 жылы «трамадол» психотроп заты есірткінің тізіміне енгізілген / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ішкі істер министрлігі дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың басшыларына қатаң ескерту жасады. Трамадол дәрісін рецептсіз сатқандарға қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, 2023 жылы «трамадол» психотроп заты есірткінің тізіміне енгізілген. Есірткі қатарына енгізілгенге дейін «трамадол » Қазақстандағы сегіз мыңға жуық дәріханада сатылған. Қазір тек дәрігердің рецепті бойынша және тиісті лицензиясы бар дәріханаларда ғана сатылады.

«Жыл басынан бері «трамадолды» заңсыз сақтағаны үшін үш адам қамауға алынды. Олардан 2500-ден аса таблетка тәркіленді. Осыған байланысты дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың басшыларына қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажет екенін еске саламыз. Медицинада қолданылатын психотроп заттар мен есірткілерді рецептсіз сату Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен қаралып, есірткіні заңсыз өткізу болып саналатынын ескертеміз», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасы бастығының орынбасары Айбек Брыков.

Айта кетейік, психотроп заттар мен есірткілерді рецептсіз сатқандарға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы  күтіп тұр.

Еске салсақ, 2024 жылы Қазақстанда отандық фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 22%-ға ұлғайды. Былтыр отандық дәрі өндірісінің үлесі 171,6 млрд теңгеге өскен. Бұған қоса кейінгі 7 жылда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 9,5%-ға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз