Енді ҰБТ сұрақтары жасанды интеллект көмегімен әзірленеді

Енді Ұлттық бірыңғай тестің сұрақтары жасанды интеллект көмегімен әзірленеді. Бұл туралы министрліктің цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов мәлім етті.
Қазіргі уақытта министрлік ЖИ кадрларын даярлау бойынша жұмыс жүргізуде. Жоба аясында тест тапсырмаларын әзірлеушілер үшін жабық жұмыс кабинеттері құрылады.
«2024 жылы «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің ұсынылатын мазмұнын, сондай-ақ білім беру процесінде ЖИ пайдаланудың жалпы принциптерін айқындайтын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде ЖИ қолдану бойынша ЖОО аралық стандарт бекітілді»,– деп хабарлады Нұрсұлтан Махатов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, қазір елімізде 20 жоғары оқу орны базасында жасанды интеллект бойынша 20 білім беру бағдарламасы енгізілген. Аталған бағдарлама бойынша 2 196 магистрант пен докторант оқып жатыр.
ЖИ енгізудің артықшылықтары:
- Бірегей тапсырмалар санын арттыру: тест сұрақтарының қайталануын болдырмай, әділ бағалауға мүмкіндік береді;
- субъективтілікті азайту: тест сұрақтарының құрастырылу процесі объективті бола түсіп, барлық түлектерге тең мүмкіндіктер беріледі;
- шығындарды қысқарту: тест әзірлеу процесін автоматтандыру арқылы адам еңбегіне деген қажеттілік азайып, шығындар төмендейді.
Жоба 2025 жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар ҰБТ өткізу ережелері туралы ақпарат беретін және грантқа түсу мәселелері бойынша кеңес беретін «AI Talapker» чат-боты құрылмақ.
Еске салайық, наурыздағы ҰБТ 1 наурыз бен 5 сәуір аралығында өтеді. Тіркеу рәсімі ҰТО-ның ресми сайтында (app.testcenter.kz) немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
ҰБТ жылына неше рет өткізіледі?
Қазақстанда ҰБT жылына 5 рет өтеді: қаңтар-ақпан, наурыз және тамыз айларында – тестілеу ЖОО-ға ақылы негізде түсу үшін ұйымдастырылады. Мамыр-шілде айларында – мемлекеттік білім грантын жеңіп алу үшін екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Наурыз айындағы тестілеу – грант конкурсына қатысуға мүмкіндік бермейді, тек ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін қажет