
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бюджетті толтыру үшін қосылған құн салығын көтеру қажет деп тұжырымдайды. Бұл туралы ол мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауында айтқан.
Қазақстанда Қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыру және тіркеу шегін төмендету мәселесі қызу талқылануда. 5 ақпанда «Amanat», «Respublica», НПК және «Ауыл» партияларының депутаттары бұл шараларды қолдамай, бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін теңестіру үшін тиімсіз шығыстарды қысқартуды және бизнесті дамыту арқылы салық түсімдерін ұлғайтуды ұсынды.
Алайда, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов мұндай тәсілді тиімсіз деп есептейді және үкіметтің неліктен ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы шешім қабылдағанын түсіндірді.
Олжас Бектенов бюджет шығысын қысқартуға болмайды дейді
Олжас Бектенов алдағы бес жылға арналған бюджет шығыстары қатаң ережелерге сәйкес есептелгенін айтады.
Қазіргі бюджет тапшылығы – ЖІӨ-нің 2,7%-ын құрайды. Бектенов бұл рұқсат етілген шек көлемінде екеніне назар аударған. Бұл айырмашылық сыртқы қарыз мен Ұлттық қордан аударылатын мақсатты трансферттер есебінен өтеледі.
Депутаттар шығыстарды қысқарту және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы бюджеттік түсімдерді ұлғайтуды ұсынды. Бірақ Бектеновтің пікірінше, бұл шаралар жеткіліксіз:
«Қалыптасқан жағдайдың түйінді себептерінің бірі – даму бюджетінің жеткіліксіздігі. Оған себеп – салықтың аз жиналуы . Шоғырландырылған бюджетке түсіп жатқан салық көлемі ЖІӨ-ге қатысты 20 %-ды, ал республикалық бюджеттікі 10,8 %-ды құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 40 %-дан асады», – делінген жауапта.
Сонымен қатар, премьер-министр мемлекеттік инвестициялардың маңыздылығын атап өтті:
- Қазақстанда инвестициялардың ЖІӨ-ге қатынасы – 17,2%.
- Мемлекеттің инвестициялары жеке секторға оң белгі береді.
- Егер мемлекет инвестиция салмаса, жеке инвесторлар да белсенділік танытпайды.
ҚҚС және көлеңкелі экономика: қандай байланыс бар?
Депутаттар көлеңкелі экономиканы қысқарту шараларын күшейтуді ұсынды. Олардың пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру көлеңкелі бизнестің өсуіне әкелуі мүмкін.
Бірақ Бектеновтың жауабында Үкіметтің жүргізген талдауы ҚҚС пен көлеңкелі экономиканың арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсеті жазылған.
Мәселен:
- Германияда ҚҚС – 19%, ал көлеңкелі экономика ЖІӨ-нің 10%-ын құрайды.
- Ұлыбританияда ҚҚС – 20%, көлеңкелі экономика 11%-ды құрайды.
- Венгрияда ҚҚС – 27%, бірақ көлеңкелі экономика Қазақстанмен бірдей – 18,8%.
Осы мәліметтерді келтіре отырып, Бектенов ҚҚС мөлшерлемесін арттыру керісінше экономиканы ашық етуге көмектесетінін айтты:
«Біріншіден, бизнес, әсіресе экспорттаушылар жеткізілімдер тізбегінің
ашық болуына көбірек мүдделі. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі есепке жатқызуға болатын салық сомасын ұлғайтады. Екіншіден, есепті автоматтандыруға қызығушылық артады. ҚҚС мөлшерлемесі өскенде компаниялар қателіктерді азайту үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізе алады, өйткені мұндай қателіктер қазіргіден де
қымбатқа түседі», – дейді Бектенов.
Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін арттырумен қатар, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және заңды бизнесті қолдау шараларын енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
ҚҚС мөлшерлемесі және тіркеу шегінің төмендеуі
ҚҚС ұлғайту экономиканың шикізаттық кірістерге тәуелділігін төмендету және нақты секторды дамыту мақсатында жүзеге асырылады ҚҚС-тың жаңа мөлшерлемесі 16% болса, ҚҚС-қа тіркеу шегі – 20 000 АЕК-тен 3 800 АЕК-ке дейін төмендетіледі.
«ҚҚС-ны арттыру — бұл экономикадағы нақты сектордың рөлін күшейту және шикізат нарықтарының құбылмалылығына тәуелділікті азайту үшін қаражатты қайта бөлуге бағытталған кешенді реформалардың бір бөлігі«, – деп түсіндірді Бектенов.
Бектенов ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, бюджеттің мұнайға тәуелділігін төмендетуге және салықтық түсімдерді арттыруға бағытталғаны атап өткен.
Ұлттық экономика министрлігі 20 ақпанда салық кодексіне енгізілетін өзгерістер Мәжілім қарауына ұсынылғанын хабарлады.