Алғыс айту күні: өткенге тағзым, бүгінге ризашылық

Жарияланды 25 Ақпан 2025 16:01

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Қазақстандықтар 1 наурыз Алғыс айту күні мерекесін атап өтеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Қазақстандықтар 1 наурыз Алғыс айту күні мерекесін атап өтеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар 1 наурыз Алғыс айту күнін атап өтеді. Бұл салыстырмалы түрде жас мереке. 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленді. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ жайт емес. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл ұйым елдегі ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған.

Алғыс айту күні – Қазақстанға саяси қуғын-сүргін жылдары және күштеп депортация кезінде қоныс аударылған халықтардың ризашылығын білдіретін мереке. Сол кезеңде қазақ халқы қиын жағдайға тап болған өзге этностарды құшақ жая қарсы алып, барымен бөлісіп, аман қалуларына көмектесті.

Сондықтан бұл мереке мейірімділік, қайырымдылық және өзара қолдау көрсету сияқты адами құндылықтарды насихаттайды.

1937 жылдан бастап Қазақстанға депортацияланған этностар

Қазақстанға этностарды депортациялау 1937 жылы басталып, 1950 жылдардың соңына дейін жалғасты. Бұл сталиндік репрессиялық саясаттың бір бөлігі болды. Соның нәтижесінде миллиондаған адам Кеңес Одағының шалғай аймақтарына, соның ішінде Қазақ КСР-іне күштеп қоныс аударылды. Осылайша Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған талай адамға пана болды.

Бірінші толқын (1937–1938) – кәрістер, поляктар және немістер

1937 жылы Қиыр Шығыста тұратын кәрістерді депортациялау басталды. Кеңес билігі оларды «жапон барлау қызметімен байланысы бар» деп күдіктенді. Нәтижесінде 172 мыңға жуық кәріс күштеп Қазақстан мен Өзбекстанға қоныс аударды.

1936–1938 жылдары Украина мен Беларусьтің батыс өңірлерінде тұратын поляктар мен немістер де депортацияға ұшырады. 1936 жылы олардың бір бөлігі Қазақстанға жіберілді.

Екінші толқын (1941–1945) – Кавказ және Еділ бойы халықтары

Ұлы Отан соғысы басталған кезде депортация күшейе түсті. 1941 жылы Кеңес билігі Поволжье немістерін «фашистермен ынтымақтасуы мүмкін» деген желеумен Қазақстан мен Сібірге қоныс аударды. Шамамен 400 мың неміс Қазақстанға көшірілді.

1943–1944 жылдары Кавказ халықтары – шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қалмақтар, қырым татарлары және басқа да этностар жаппай жер аударылды. Кеңес билігі оларды «Отанын сатты» деп айыптады. Қазақстанға 500 мыңға жуық шешен мен ингуш көшірілді. 

Үшінші толқын (1947–1950) – украиндар мен молдовандар

Соғыстан кейін де депортация жалғасты. 1947–1950 жылдары Қазақстан мен Сібірге украиндар, белорустар және молдовандар қоныс аударды. Кеңес билігі оларды ұлтшыл қозғалыстармен байланысы бар деп айыптады.

Реабилитация және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру

Жер аударылған халық арнайы қоныстарда тұрды. Олар коменданттық бақылауда болып, еркін жүріп-тұру құқығынан айырылды. Олардың негізгі жұмыстары – колхоздарда, шахталарда және құрылыс алаңдарында болды. Азық-түліктің жетіспеуі, тұрғын үй тапшылығы және климаттық жағдайлар көптеген адамның өмірін қиды.

Сталин қайтыс болғаннан кейін (1953 жылы) арнайы режим біртіндеп жеңілдей бастады. 1957–1958 жылдары шешендер, ингуштар, қалмақтар сияқты халықтарға өз тарихи отанына оралуға рұқсат берілді. Алайда кәрістермен немістердің басым бөлігі Қазақстанда қалып қойды.

Бұл депортация еліміздің демографиялық құрамына үлкен өзгеріс енгізді. Қазақстан бүгінде Кеңес заманында күштеп қоныс аударылған көптеген этностың ұрпақтары тұратын көпұлтты ел болып отыр.

Депортацияның ауқымы және оның Қазақстанға әсері

Депортация нәтижесінде Қазақстан халқының этникалық құрамы түбегейлі өзгерді. ХХ ғасырдың ортасына қарай республикада 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүрді. Мәселен, 1939 жылғы санақ бойынша, Қазақстанда немістердің саны 90 мың болса, 1959 жылы бұл көрсеткіш 660 мыңға жетті. Сол сияқты, кәрістердің, шешендердің, ингуштардың және басқа да халықтардың саны күрт өсті.

Қазақ халқының көмегі 

Жергілікті қазақ халқы депортацияланған халықтарға үлкен көмек көрсетті. Аштық пен суықтан аман қалу үшін қазақтар өз үйлеріне бейтаныс адамдарды паналатып, соңғы нанын бөлісті. Осы себепті көптеген депортацияланған этностардың ұрпақтары қазақ халқына алғыс айтады. «Жергілікті халық бізді құшақ жая қарсы алды» деген естеліктер көптеген депортацияланған халықтардың ұрпақтарының аузында сақталған.

Мерекенің символы

Алғыс айту күні – достық, бірлік және халықтар арасындағы сыйластықтың символы. Оның негізгі рәміздері:

  • Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі ұлттар татулығының басты институты.
  • Қызғалдақ гүлі – көктемгі жаңарудың, достық пен ризашылықтың белгісі.
  • Ашық жүрек бейнесі – шынайылық пен алғыс сезімінің рәмізі.

Сонымен қатар, Алғыс айту күні қазақ халқының басты құндылықтарымен – үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлылық және адамгершілікпен тығыз байланысты.

Қазақстанда мерекені қалай атап өтеді?

Алғыс айту күні түрлі мәдени және әлеуметтік іс-шаралармен аталып өтеді. Атап айтқанда, фестивальдар мен концерттер ұйымдастырылады. Елдегі түрлі этностар өз мәдениеті мен өнерін паш етеді. Сонымен қатар қайырымдылық акциялары өтеді. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, еріктілер қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Сондай-ақ, білім беру іс-шараларын айтуға болады. Тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ашық дәрістер өткізіліп, депортация жылдары мен халықтар достығы жайлы ақпарат беріледі. Әрі әлеуметтік желілердегі флешмобтар өтіп, қазақстандықтар өз отбасы тарихымен бөлісіп, бір-біріне алғыс айтады.

Мектеп оқушылары мен студенттер түрлі этностардың мәдени мұрасы туралы жобалар дайындап, ата-аналарына, ұстаздарына, дәрігерлерге және жақындарына алғыс білдіру акцияларын өткізеді.

Басқа елдердің тәжірибесі: ұқсас мерекелер бар ма?

Әлемде ұқсас дәстүрлер бар:

  • АҚШ – Алғыс айту күні. Бұл мереке қараша айында атап өтіледі, онда адамдар егін үшін және қиын кезеңдерде көрсетілген көмек үшін ризашылықтарын білдіреді.
  • Оңтүстік Корея – Чхусок. Бұл ата-бабаларға алғыс айту мерекесі, онда отбасылар жиналып, өздерінің ата-бабаларына құрмет көрсетіп, отбасы тарихын еске алады.
  • Германия – Халықтық аза тұту күні. Бұл күн соғыс пен зорлық-зомбылық құрбандарын еске алуға арналған, сондай-ақ бірлік пен бейбітшілікке шақырады.

Қазақстандағы Алғыс айту күні бұл мерекелерге ұқсамаса да, ол да өзара көмек, құрмет және мейірімділік идеясын насихаттайды.

Этникалық топтардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесі қандай?

Жер аударылған халықтар қазақ жерінде тек аман қалып қана қоймай, оның дамуына үлес қосты:

  • Немістер мен украиндар ауыл шаруашылығын дамытып, жаңа агротехнологияларды енгізді.
  • Кәрістер күріш өсіру мен көкөніс шаруашылығын дамытуға үлес қосты. 
  • Шешендер мен ингуштар сауда, өнер және ғылым салаларының дамуына ықпал етті.
  • Татарлар, ұйғырлар, орыстар, еврейлер және басқа да халықтар өздерінің дәстүрлері, тағамдары, өнері арқылы ел мәдениетін байытты.

Алғыс айту күні не үшін қажет?

Бүгінде аталған мерекенің маңызы зор.  Біріншіден, аталған айтулы күн мейірімділік пен өзара көмекке шақырады. Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде басқа ұлттарға қолдау көрсетіп, солармен бірге ауыртпалықты көтерді. Бұл бірлік пен бауырмалдықтың үлгісі.

Екіншіден, Қазақстан 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын көп этносты ел. Сондықтан бұл мереке халық бірлігін нығайтуға септігін тигізеді.

Үшіншіден, Алғыс айту мәдениетін дәріптейді. Құрмет пен ризашылық – қоғамдағы татулық пен үйлесімділіктің негізі.

Алғыс айту күні – жай ғана мереке емес, ел бірлігін, татулық пен ынтымақтастықты бейнелейтін маңызды күн. Бұл дата тарихи оқиғаларды еске салып, қазақстандықтарды мейірімділікке, ризашылыққа және ауызбіршілікке шақырады.

Еске сала кетсек, жыл сайын аталған күні Президент қазақстандықтарды мерекемен құттықтайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  бұл – береке-бірлігімізді бекемдейтін мереке.

Сондай-ақ оқыңыз