2025 жылы теңге мен доллар бағамы қандай болады

Доллар бағамы – қазақстандықтар, бизнес және инвесторлар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. 2025 жылы сарапшылардың пайымы екіге бөлінді. Алайда мамандардың басым бөлігі төл валюта әлсірейді деп болжайды. Kursiv.Мedia тілшісі теңге бағамына әсер ететін негізгі факторларды талдап, сарапшылардың болжамдарын және ықтимал сценарийлерді қарастырды.
Мұнай нарығы және шикізат бағасы
Қазақстан экономикасы мұнай экспортына тәуелді. Ал теңге бағамы әдетте мұнай бағасымен тығыз байланысты. 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 70-85 доллар аралығында болуы мүмкін. Алайда ОПЕК+ мұнай өндірісін шектеуі, АҚШ-та өндірістің артуы және әлемдік экономикадағы төмен динамика «қара алтынға» сұранысты төмендете түсуі мүмкін.
Егер мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталса, бұл теңгені қолдайтыны анық. Егер баға құлдыраса, Қазақстанның валюта түсімі азайып, теңгеге қысым күшейетінін ескеру керек.
Теңгеге әсер ететінін маңызды фактор – инфляция және ақша-несие саясаты
Соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі инфляцияның қарқын алып, үдеуімен күресуде. Бұл фактор 2025 жылы да маңызды болмақ. Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап қалуы мүмкін. Дегенмен несие құнының қымбаттауы экономикалық өсуді шектейді. Бұл да теңгеге теріс әсер ететін жағдайлардың бірі.
Егер инфляция 10%-дан жоғары болса, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді, долларға сұраныс өсіп, теңге құнсыздануы мүмкін.
Жаһандық экономика және геосаясат
Әлемдік экономикадағы өзгерістер валюта нарығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Қытай мен Еуропалық Одақ – Қазақстанның басты сауда серіктестері. Осы елдер экономикасының баяулауы экспорттық кірістердің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар Ресейге салынған санкциялар (Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі) және жаңа сауда шектеулерінің енгізілуі жағдайды қиындатуы да ықтимал. Егер әлемдік экономика қалпына келсе, теңгеге да қолдау болары анық. Бірақ экономиканың дамуы баяулай түссе, ұлттық валюта одан әрі әлсірейді.
Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс
Теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. 2025 жылы:
- Импорттың өсуі;
- Капиталдың сыртқа шығуы;
- Депозиттердің долларлануы теңгеге қосымша қысым жасайды.
Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін алтын-валюта резервтерін пайдалануы мүмкін, бірақ бұл ресурстар шектеулі. Егер инвесторлар Қазақстаннан капиталды әкетуді жалғастырса, теңге одан әрі әлсірейді.
Ұлттық банк, Үкімет саясаты және реформалар
Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін бірнеше қадамға бара алады. Атап айтқанда, валюта нарығында интервенция жүргізу, яғни доллар сату, инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені көтеру, сондай-ақ егер жағдай нашарласа валюталық операцияларға шектеу қою.
Алайда интервенциялар алтын-валюта резервтерін азайтады, ал мөлшерлеменің жоғары болуы экономиканы бәсеңдетеді. Мұны да естен шығармаған абзал.
Бұл ретте Үкімет не істей алады? Себебі теңге бағамына сыртқы факторлар ғана емес, ішкі реформалар да әсер етеді. Мамандар мына шараларды атады:
- Шикізаттық емес экспортты дамыту (IT, өндіріс, ауыл шаруашылығы).
- Инвестициялық ахуалды жақсарту (шетелдік капиталды тарту).
- Көлеңкелі экономиканы азайту (қолма-қол доллар айналымын шектеу).
Егер реформалар сәтті жүзеге асса, бұл теңгенің ұзақ мерзімді нығаюына ықпал етеді.
Халық пен бизнестің де ықпалы бар
Теңгенің тұрақталып, нығаюына қазақстандықтардың қаржылық дағдылары мен шешімдері де әсер етеді. Мысалы, халық жинақтарын доллармен сақтауды жалғастырса, теңге әлсірейді. Импорттық тауарларға жоғары сұраныс валютаның сыртқа кетуін күшейтеді. Компаниялар активтерін шетел валютасына ауыстыра бастаса, девальвация жылдамдайды. Аталған факторлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Сондықтан мамандар халық пен бизнеске жинақты әртараптандыруды ұсынады. Яғни теңге, доллар, алтын сынды бірнеше бағытты таңдау. Сонымен қатар инфляциядан қорғайтын активтерге инвестициялау және бизнестің валюта тәуекелдерін хеджирлеу.
2025 жылға арналған доллар бағамының болжамдары
Сараптамалық орталықтар доллардың теңгеге шаққандағы бағамы бойынша әртүрлі болжамдарды ұсынады. Мәселен, Қазақстан Ұлттық банкі орташа жылдық бағам 479 теңге төңірегінде болады деп хабарлады. Ал BCC Invest – сарапшылары жыл соңына қарай 1 долар 531,2 теңгені құрайды деп есептейді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының да болжамы осыған ұқсас. Олар АҚШ валютасының ұлттық ақшаға шаққандағы құны 545,2 болады деп мәлімдеді. Алайда Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) 2025 жылға арналған доллар бағамы бойынша болжамы басқаларына қарағанда жағымды болып шықты. AERC 2025 жылы Қазақстандағы доллар бағамы орта есеппен 489 теңге деңгейінде болады деп болжауда. Бұл болжам елдің қазіргі экономикалық үрдістері мен валюта нарығына әсер ететін негізгі факторларға негізделген.
Осылайша, 2025 жылы доллар бағамы 480–550 теңге аралығында болуы мүмкін.
Ықтимал сценарийлер
Бұл ретте сарапшылар бірнеше ықтимал сценарийлер ұсынды. Мысалы, оптимистік сценарий бойынша:
- Теңге-доллар бағамы – 470-490 теңге;
- Мұнай бағасы тұрақты – барреліне 80-90 доллар;
- Инфляция – 7%-дан төмен;
- Инвестициялар артып, экономика өседі.
Базалық сценарий бойынша:
- Теңге-доллар бағамы – 500-530 теңге;
- Мұнай бағасы орташа – барреліне 70-80 доллар;
- Инфляция – 8-10%;
- Импорттың өсуі және сауда балансының тапшылығы тіркеледі.
Теріс және жағымсыз сценарий бойынша:
- Теңге-доллар бағамы – 540–580 теңге;
- Мұнай бағасы төмендейді – барреліне 60-70 доллар;
- Инфляция қарқын алады – 12%-дан жоғары;
- Капитал сыртқа кетіп, экономика әлсірейді.
Сарапшылар пайымынша, 2025 жылы теңге бағамына қысым сақталады. Егер мұнай бағасы тұрақты болып, инфляция төмендесе, доллар бағамы 470–500 теңге аралығында қалуы мүмкін. Бірақ әлемдік нарықтағы жағдай нашарласа, бағам 550 теңгеден жоғары болуы ықтимал.
Әлемдік доллар индексі әлемдік экономикаға қалай әсер етеді?
Әлемдік доллар индексі (немесе USDX) – доллардың басқа алты негізгі валютаға қатысты құнын көрсететін көрсеткіш. Бұл индекс әлемдік валюталық нарықтағы маңызды индикатор болып табылады және трейдерлер, сарапшылар мен экономистер үшін доллардың басқа валюталарға қатысты жағдайын бағалауға көмектеседі.
Доллар индексі 1973 жылы доллар АҚШ-та алтын стандартына негізделмей, еркін айналымға түскеннен кейін құрылды. Бұл индекс әлемдік экономикада доллардың рөлі маңызды болғандықтан, АҚШ-тың валюталық жағдайын бағалауда қолданылатын негізгі құралға айналды.
Доллар индексі қалай есептеледі?
Доллар индексі алты валютаға қатысты есептеледі:
- Евро (EUR) – 57,6% үлесін алады. Бұл доллар индексіндегі ең үлкен көрсеткіш, себебі евро әлемде ең көп саудаланатын валюта.
- Жапон иенасы (JPY) – 13,6% үлесін алады.
- Британ фунты (GBP) – 11,9% үлесін алады.
- Канадалық доллар (CAD) – 9,1% үлесін алады.
- Швед кронасы (SEK) – 4,2% үлесін алады.
- Швейцар франкы (CHF) – 3,6% үлесін алады.
Әр валютаның индексте өзіндік үлесі бар, бұл олардың әлемдік экономикадағы орнына байланысты.
Доллар индексі неліктен маңызды?
Біріншіден, доллардың күшін бағалау үшін. Доллар индексі АҚШ валютасының басқа валюталарға қатысты қандай күйде екенін көрсетеді. Егер индекс өссе, доллар нығайып, төмендесе, доллар әлсірейді.
Екіншіден, әлемдік саудаға қатысты. Доллар әлемде көптеген тауарлар мен қызметтердің есеп айырысу валютасы ретінде қолданылады. Сондықтан доллардың бағамы тауарлардың бағаларына әсер етеді. Мысалы, доллардың күшеюі мұнай бағасын арттыруы мүмкін, ал оның әлсіреуі – импортты қымбаттатады.
Үшіншіден, АҚШ экономикасына қатысты. Доллар индексі АҚШ экономикасының жайын көрсетеді. Егер доллар күшейсе, бұл Құрама штаттар экономикасының өсуін, инфляцияның төмендеуін немесе жоғары инвестициялық қызығушылықты білдіруі мүмкін. Ал доллардың әлсіреуі экономикалық тұрақсыздыққа немесе халықаралық нарықтардағы өзгерістерді меңзеуі мүмкін.
Төртіншіден, инфляцияға әсері. Доллардың күшеюі импортталған тауарларды арзандатады. Ал әлсіреуі инфляцияны арттырып, ішкі нарықтағы бағаларды көтеруі ықтимал.
Доллар индексіне әсер ететін факторлар
- Федералды резервтік жүйе саясаты: АҚШ-тың орталық банкінің монетарлық саясаты доллардың бағамына айтарлықтай әсер етеді. Пайыздық мөлшерлемелерді көтеру долларды күшейте түседі. Себебі инвесторлар жоғары пайыздық табыс іздейді. Ал төмендету доллардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
- Экономикалық көрсеткіштер: АҚШ экономикасының өсуі, жұмыссыздық деңгейі, инфляция және өндірістік деректер доллардың бағамына әсер етеді. Мысалы, АҚШ экономикасынан жақсы жаңалықтар долларды нығайтуы мүмкін.
- Геосаяси оқиғалар: дағдарыстар, саяси тұрақсыздық немесе әлемдегі маңызды оқиғалар доллардың бағамын өзгертеді. Мысалы, әлемдік дағдарыс кезінде инвесторлар «құтқарушы валюта» ретінде долларды таңдайды, бұл доллардың нығаюына әкеледі.
- Сауда балансы және АҚШ-тың сыртқы қарыздары: АҚШ-тың сыртқы саудадағы дефициті немесе борышы да доллар индексіне әсер етеді. Мысалы, сауда балансы теріс болған кезде доллардың әлсіреуі мүмкін.
Доллар индексі әлемдік экономикаға, оның ішінде Қазақстанға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ доллар АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің маңызды резервтік валютасы. Оның құбылуы басқа елдердің экономикасына, әсіресе, дамушы нарықтарға әсер етеді.
Еске сала кетсек, былтыр төл валюта айтарлықтай құбылды. ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында теңгенің долларға шаққандағы орташа айырбас бағамы 449 теңге болған. Алайда екінші жартыжылдықта ұлттық валюта күрт әлсіреді. Бағам 1 доллар үшін 500 теңгеден де асып түсті. 2024 жылдың 31 желтоқсанында теңгенің долларға қатысты бағамы 525-ке тең болды.
2025 жылғы қаңтардың қорытындысына сүйенсек, теңге бағамы 1 долларға 518,2 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайған еді.