Lifestyle

Қырғыз фильмі қазақ көрермендерінің төбе шашын тік тұрғызды

Өліктерді зорлаған «46 түн» қырғыз фильмі қоғамды дүрліктірді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жақында қырғыз режиссерлері түсірген «46 түн» атты фильм Қазақстан кинотеатрларына шығып, қоғамда қызу талқыға түсті. Фильмде 90-жылдары Қырғызстанда некрофилдік қылмыстар жасаған Михаил Лукьяновтың оқиғасы баяндалады. Ол 28 жыл бойы әйелдердің қабірін қазып, өліктерді зорлаған.

Фильмнің негізгі сюжеті осы жан түршігерлік оқиғаға негізделген. Көрермендерді шошытқаны – фильмдегі шынайы актерлік ойын ғана емес, сондай-ақ оның қазақша дыбысталып, отандық аудиторияға арнайы бейімделгені.

Мұндай фильмдерге жол берілуі керек пе?

Қазақ журналисі Ақбөпе Тәңірбергеннің пікірінше, фильмнің кинотеатрларға шығуы – қоғамдағы психологиялық ауытқушылықтары бар адамдарды одан әрі ынталандыруы мүмкін. Ол фильмді көріп, оны өнер туындысы ретінде қабылдай алмағанын, керісінше, жабайылық пен тұрпайылықты насихаттайтын дүние ретінде бағалағанын айтады.

«46 түн» фильмінің мазмұны қандай?

Фильм қоғамдық мораль мен адамгершілік құндылықтарынан мүлде алшақ. Сюжетте Михаил есімді кейіпкер қабірлерді қазып, мәйіттерді зорлайды. Тіпті фильмнің басталуы-ақ өз әйелінің өлігін қорлаудан басталады. Мұндай шок-контентті үлкен экранда көрсету қаншалықты орынды?

Мұндай фильмнің мақсаты не?

Фильмнің режиссерлері көркем туынды жасауды көздеді ме, әлде қоғамды дүр сілкіндіруді басты мақсат етті ме? Бәлкім, олар шынайы оқиғаларға негізделген деректі драмалар түсіру арқылы қоғамдағы қылмыстық сананы зерттеуді немесе адамның шектен шығу деңгейін көрсетуді мақсат еткен шығар.

Дегенмен көрермендер арасында бұл фильмнің теріс әсері басым деген пікірлер көп. Өйткені бұл тек қорқынышты оқиға ғана емес, адамзаттың ең жабайы инстинктерін ашық көрсететін, сананы улайтын дүние.

Айта кетейік, Қазақстанда бұл фильмге барып жатқандардың саны аз емес, соңғы екі аптада фильм прокаттан 120 млн теңге табыс тапты.