Жаңалықтар

Қазақстан Еуропаға бал экспорттауға рұқсат алды

Қазақстан бал экспорттайды
Қазақстан Еуропа елдеріне бал экспорттайды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Еуропаға бал экспорттай бастайды. Қазақстанның Еуопалық комиссиядан рұқсат алғанын Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР ресми түрде Еуропалық Одақ елдеріне бал экспорттауға рұқсат алды. 2025 жылдың 21 ақпанында Еуропалық Комиссиясының қаулысы жарияланды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, рұқсат алуға ұзақ уақыт кеткен. Балды Еуропа нарығына шығару үшін министрлік өнімдегі қалдық заттарды бақылау үшін арнайы Ұлттық жоспар әзірлеген. Сонымен бірге өнімнің Еуроодақ стандарттарына сай болуы үшін омарташылармен, кәсіпкерлермен көптеген семинарлар өткізілген. Нәтижесінде бал сапасын ЕО стандарттарына лайықтау мүмкіндігі туған.

ЕО-ға бал экспорттау үшін не істеу керек?

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕО-ға бал экспорттау үшін кәсіпкер Еуропалық комиссия мақұлдаған талаптарды орындау керек. Талаптарды орындаған соң, комиссия кәсіпорынды арнайы тізімге енгізеді.

Бұл тізімге ену үшін аумақтық инспекцияға өтініш беру керек. Одан ары қарай өтініш Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жолданады. Ол үшін мынадай кұжаттар қажет болады:

  • Кәсіпорынның ЕО-ның импорттық нормалары мен талаптарына сәйкестігін растайтын Комитеттің аумақтық инспекциясының кепілдік хаты.
  • Кәсіпорынға жүргізілген ветеринариялық бақылау және қадағалау тексерулері актілері және оның ЕО талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды.
  • Кәсіпорында өндірістік бақылау жүйесі мен ХАССП жүйесінің жұмыс істейтінін растайтын құжаттар.
  • Кәсіпорын туралы деректер көрсетілген, ағылшын және орыс тілдерінде толтырылған кесте.

Бұдан кейін комитет құжаттарды тексеріп, ТRACES-NT жүйесі арқылы Еуропалық Одақ Комиссиясына жібереді.

«Еуропалық Комиссия қаулысының 2-бабына сәйкес, бұл шешім Еуропалық Одақтың Ресми журналында жарияланған күннен бастап жиырма күн өткен соң күшіне енеді», – делінген хабарламада.