
Бас прокуратура Beeline және Tele-2 байланыс операторларының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. KursivMedia редакциясы ақпараттың анық-қанығын білу үшін екі операторға да сауал жолдады. Теле-2 компаниясынан әлі жауап келмеді, ал Beeline бұл ақпаратты растамады.
Прокуратура қандай айып тақты?
Прокурутара мәліметінше, 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және міндеттерін тиісінше орындамағанынан азаматтардың алаяқтарға алдануына жол бергені үшін микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс қозғалған. Бұл істер бойынша біраз адамның ұсталғаны туралы да айтылады.
Мәселен, алаяқтарға көмектескені үшін Beeline және Tele-2 ұялы байланыс операторларының қызметкерлерінің үстінен іс қозғалған.
«Beeline және Tele-2 ұялы байланыс операторларының қызметкерлері мен олардың дистрибьютерлеріне қатысты ҚК-нің 211 және 254-баптары бойынша 4 іс қозғалды. Батыс Қазақстан облысында 2 іс, Қарағанды мен Алматыда бір істен тіркелді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратура мәліметінше, бұл қызметкерлер алаяқтарға мыңдаған сим-карталарды тіркеуге көмектескен. Алаяқтар бұл сим-карталарды адамдарды алдау үшін пайдаланған.
Beeline жауабы
Beeline операторы компанияға бұл іске қатысты ақпарат келіп түспегенін, мәселенің анық-қанығын анықтау түшін прокуратураға жүгінгенін хабарлады. Сонымен бірге компания заң талаптарын қатаң сақтайтынын жеткізді.
«Қазіргі уақытта біздің қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жоқ. Мәліметті анықтау үшін прокуратураға сауал жолдадық. Beeline заң талаптарын қатаң сақтайды және кез келген заң бұзушылықтарға жол бермеуге тырысады. Қылмыстық іс бойынша ақпарат расталса, компания тергеуге қажетті көмек көрсетуге дайын», – деп мәлімдеді.
Банк қызметкерлерінің алаяқтарға қандай қатысы бар?
Бұдан бөлек, прокуратура алаяқтарға көмектескен қаржы ұйымдарының қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Олар қайтыс болған адамдарға және Қазақстанға мүлде кірмеген шетелдіктерге биометрия өткізбестен микроқарыздар берген. Сонымен бірге алаяқтықпен айналысатын адамдардың атына банктік шоттар рәсімдеп, алаяқтық жолмен алынған қаражат транзакциясын жүзеге асыруға көмектескен.
Атап айтқанда, 2023 жылдың шілдесінде Ақтөбе облысында «Кредит 365 Казахстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржылық ұйымдары биометриясыз қайтыс болған азаматқа микроқарыз рәсімдеп жіберген.
Батыс Қазақстан облысында екінші деңгейлі банктің екі қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олар Қазақстанға келмеген Украина азаматының атына шот ашқан. Ашылған шотқа ел азаматтарының 1 млн теңгесі алаяқтық жолмен аударылған.
«Қазіргі уақытта банк қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін күдікке ілінген», – деп хабарлайды
KursivMedia редакциясы қандай банктердің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын анықтау үшін прокуратураға сауал жолдады. Сауалға жауап келмеді.