2025 жылы жемқорлардан қайтарылған қаражатқа 28 мектеп салынады

2025 жылы жемқорлардан қайтарылған қаражатқа 28 мектеп салынады. Бұл туралы Оқу ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушы орнына арналған тағы 28 жаңа мектеп салынады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл қор жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылады. Мұнда жиналған қаражат негізінен білім беру ұйымдарын салуға жұмсалады.
Министрлік мәліметінше, елде жалпы 74,4 мың оқушыға арналған 61 мектеп пайдалануға берілген. Оның 29-ы өңірлердегі ауылдарда орналасқан. Ал жемқорлардан қайтарылған қаражатқа 2024 жылы 25 мектеп салынған. Бұл мектептер Астана қаласы мен Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында салынып, пайдалануға берілген.
«Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жалпы білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 100 мың орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, 2023 жылы жемқорлардан жиналған қаржыға 62 мектептің құрылысы қаржыландырылған болатын.
Ал ақпанның басында мемлекетке қайтарылған активтерге Ұлытау өңірінде 1,4 млрд теңгеге 80 орындық мектеп салынатыны хабарланды.