Жаңалықтар

Әйелдерге арналған амнистия. Кімдер рақымшылыққа ілінуі мүмкін?

рақымшылық
Қазақстанда түрмеде отырған 1220 әйелге амнистия жариялау мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаңтар айының аяғында депутат Қарақат Әбден түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдерге жазасына қарай амнистия жариялауды ұсынған болатын. Оның депутаттық сауалына Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жауап берді.

Қанша әйел амнистияға ілінуі мүмкін?

Министр мәліметінше, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасынан босатылуы мүмкін.

«Бүгінгі таңда 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын
өтеп жатыр, оның 2692-сі бас бостандығынан айыру орындарында ұсталса, 3707-сі
пробациялық бақылауда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін», – делінген жауапта.

Ауыр қылмыс жасағандарға жеңілдік қарастырыла ма?

Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Министр рақымшылықты қарау кезінде жасалған қылмыстың ауырлығымен қатар сотталғандардың әлеуметтік жағдайы да ескерілетінін айтады. Бұл санатқа жатқызылған әйелдер саны мынадай:

  • I топ – 3, II топ-3, III топ мүгекдектігі бар 29 әйел;
  • 60 жастан асқан 243 әйел;
  • 13 жүкті әйел;
  • 3 жасқа толмаған балалары бар 58 әйел;
  • 226 көпбалалы ана.

Амнистия жасау арқылы қанша қаражат үнемдеуге болады?

Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, шамамен екі мыңнан астам сотталған адамды босату мүмкіндігі қарастырылса, бір жылда 2,1 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге болады. Бірақ министр жазасын жеңілдетуге қатысты жеңілдіктер тек әйелдерге емес, сонымен бірге ер адамдарға да қолданылыу керек деп санайды. Себебі Конституцияға сәйкес барлық адам тең және жынысына қарай кемсітуге жол берілмейді. Ал сотталған ер адамдар арасында әлеуметтік осал топқа жататын 920 адам бар.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының талаптарын ескеру қажет, оған сәйкес заң мен сот алдында барлығы тең. Ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды. Әлеуметтік осал адамдар санатына жататын сотталған ерлер саны 920 адамды құрайды», – дейді министр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заңнамада қарастырылған жеңілдіктерге сәйкес, 2 мың адамға рақымшылық жасалуы мүмкіндігі бар. Егер бұл адамдар амнистияға ілінсе, 1 жылда бюджет қаражатынан 2,1 млрд теңге үнемделуі мүмкін. Ал әр күн сайын 5,8 млн.
теңгеге дейін үнемдеуге болады. Түрмедегі 1 адамға мемлекет күніне 2900 теңгеден төлейді.

Қарақат Әбден қандай ұсыныс жасады?

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден 29 қаңтар күні Мәжілісте депутаттық сауал жолдап, қоғам үшін қауіп төндірмейтін әйелдердің жазасын кешіруді ұсынған болатын. Депутат түрмеде отырған әйелдердің тең жартысының баласы бар екенін, оларға екінші мүмкіндік беру қажет екенін айтты.

Жазаны жеңілдетуді мына критерийлер бойынша қарастыру ұсынылды: зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған, жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар, көпбалалы әйелдерге, алғаш рет сотталған әйелдерге, жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдерге жазасын жеңілдету ұсынылды.