
Америкалық Apple корпорациясы алдағы төрт жылда АҚШ-қа 500 млрд доллар инвестиция салмақшы. Бұл туралы Reuters жазады.
Аталған инвестиция аясында техноалпауыт америкалық кәсіпкерлерден тауар және қызмет сатып алады. Apple TV+ сервисі үшін телешоу мен фильмде түсіріледі. Корпорация Техаста Apple Intelligence ЖИ-платформасы үшін серверлер өндіретін зауыт ашпақ. Алдағы төрт жылда компанияның инвестициясы нәтижесінде бүкіл елде ЖИ саласында 20 мың жұмыс орны пайда болады деген жоспар бар.
Сондай-ақ корпорация Солтүстік Каролина, Айова, Орегона, Аризона және Невададағы дата-орталықтарының қуатын арттырмақшы.
Агенттіктің атап өтуінше, Apple-дің Америкаға инвестиция салу туралы жоспары бас директор Тим Кук пен Дональд Трамптың кездесуінен кейін хабарланған. Трамп өзінің Truth Social атты әлеуметтік желісінде Кукқа АҚШ-қа инвестиция салу туралы шешімі үшін рақмет айтты.
Зауыттың ашылуына америкалық корпорацияның Қытайдағы қиындықтармен бетпе-бет келуі себеп болған. 2024 жылдары Apple Қытайдағы гаджеттерге Apple Intelligence жүйесін енгізу үшін өте қиын және ұзақ тексерулерден өткен еді.
ЖИ саласындағы көшбасшылық үшін Америка мен Қытай арасындағы текетірес әлі жалғасып келеді. Alibaba Group Holding ҚХР-дағы жасанды интеллектіні дамытуға 53 млрд доллар салмақшы екенін хабарлады. Джек Ма корпорациясы алдағы үш жылда елде ақпарат өңдеу орталықтарын ашуды жоспарлаған.