Қазақстандықтардың оффшорға жасырған ақшасынан бюджетке 5,4 млрд теңге қайтты

Жарияланды
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мемлекеттік кірістер комитеті оффшор елдерде есепшоты бар қазақстандықтардың салық есебіне тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1602 азаматтан бюджетке 5,4 млрд теңге қайтарылған.

Қазынаға келген қаражат дивидендтер мен сыйақы түрінде түскен. Оның ішінде ең көп бөлігі Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Түркия және т. б. елдерге тиесілі.

Қазақстандықтар ақшасын қандай оффшор елдерде сақтайды?

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына қатысатын елдер өзара шетелдік және заңды тұлғалардың меншік иелері жайлы деректермен алмасады. 2024 жылы Қазақстан 89 елмен дерек алмасты, оның ішінде 26-сы – оффшорлық ел. Қазақстандықтар оффшорда 1,4 млрд теңгесін сақтап отыр.

«Ең көп сома Панама республикасы – 1,2 млрд теңге, Вануату – 0,2 млрд теңге, Сан-Марино 0,1 млрд теңге сияқты елдерге тиесілі», – деп жазылған хабарламада.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр 51 оффшорлық аймақтан тұратын тізім жасады. Былтыр қазақстандықтар Қытай, Аустрия, БАӘ тәрізді елдерге 600 млрд-тан астам қаржыны заңсыз шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз