Жаңалықтар

Украина қауіпсіздігі үшін АҚШ ресурстарды бөлу туралы келісім ұсынады

Трамп әкімшілігінде Украина бойынша арнайы елші пайда болады
Трамп әкімшілігінде Украина бойынша арнайы елші пайда болады / Фото: АР

Осы аптада АҚШ Украинаға екіжақты келісім ұсынады. Егер Зеленский «Инвестициялық қайта құру қоры» арқылы елдің ресурстарын бірге пайдалануды туралы шартқа қол қойса, Трамп әкімшілігі Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік береді. Бұл туралы құжатпен танысқан дереккөзге сілтеме жасап Euronews жазады.

«Екі жақты келісім және онымен байланысты қор туралы келісім екі жақты және көпжақты келісімдердің архитектурасының ажырамас элементтеріне айналады, сондай-ақ берік бейбітшілікті орнатуға бағытталған нақты қадамдар болады», – деп жазылған құжатта.

АҚШ құжатта жазылған Инвестициялық қорға 100% иелік етеді. «Қор толығымен қаржыландырғанға дейін Украинаның минералды, мұнай-газ ресурстарына байланысты экономикалық құндылықты алға жүргізу үшін» қорды Киевпен бірге басқарады.

Жобаға сәйкес, Украина қайта аяғынан тұрып, ЖІӨ 2021 жылдағы көрсеткішке жеткенге дейін қор жұмыс істейді.

Украина үкіметі операциялық шығындарды шегергеннен кейін кірістің 50%-ын қорға аударуы тиіс, алайда Ресей қазіргі уақытта басып алған және кейіннен азат етілуі мүмкін кез келген аумаққа қатысты бұл жарнаны 66%-ға дейін арттыру қарастырылған.

Украина тарапынан қорға аударылатын жарналар «500 миллиард долларына жеткенше» жалғасуы керек. Қор туралы келісімде «АҚШ Украинаға келісім жасалған күннен кейін бөлетін қаражат сомасының екі еселенген мөлшерін Украина үкіметі қорға қосымша аударатыны» бөлек қарастырылатыны көрсетілген.

Euronews қолжеткізген құжатта 2025 жылдың 21 ақпаны деп жазылған. Бірақ дереккөздің айтуынша, 26 ақпанда бекітуі керек. Әзірге Украина үкіметі де, АҚШ үкіметі де бұған қатысты пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский бейбітшілік орнату үшін қызметтен кетуге дайын екенін айтқан еді. Бірақ ол үшін НАТО Киев-ті өз құрамына қабылдауы қажет.