Берік Уәли қарамағындағы шенеуніктерге сөгіс жаудырды

Абай облысының жаңа әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының әкімі Данияр Шәкәрімовке көктемгі су тасқынына дайындықтың жеткіліксіздігі үшін сөгіс жариялады.
Бір жиналыста бірнеше шенеунік сөгіс естіді
Бұл туралы жергілікті Abai aqparat сайты хабарлады. Басылым мәліметінше, аудан басшысы өзге де төмен көрсеткіштері үшін сөгіс естіген.
Бұған қоса, Берік Уәли облыс әкімдігінде өткен жиналыста Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Айнұр Ақмырзаға да сөгіс жариялады. Басқарма жетекшісі су қоймаларының жай-күйі туралы баяндаған, алайда әкімнің «нысандарды өзіңіз тексердіңіз бе» деген сауалына жауап бере алмаған.
Абай облысының әкімі өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық мәселелеріне арналған жиналыс өткізген еді. Мамандар наурызда күн күрт жылып, республика өңірлерінде су тасуы мүмкін деп ескертіп отыр.
28 ақпанға дейін билік көпірлерді, өзен сағаларын, арықтарды тазалап қоюы тиіс. Алайда Уәлидің атқаралып жатқан жұмыстарға көңілі толмай отыр. Ол жұмысты тездетуді тапсырды.
Қанша қап дайын?
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 4 мыңға жуық адам тұратын 45 елдімекенді су басу қаупі жоғары. Басқарма жетекшісі Бауыржан Жарылғапов 70 мың қапқа құм толтырылғанын айтты. Алайда оның есебі әкімшілік мәліметімен сәйкес келмей шықты.
«Нақты мәлімет қайда? Кімге сенеміз? Қай болжам дұрыс? Бір облыста жұмыс істеп, бір-біріңмен дұрыс араласа алмайсыңдар. Былтыр дәл осындай қателік салдарынан су тасыған», – деді Берік Уәли.
Сөйтіп өңір басшысы Жарылғаповқа да жиналысқа дайындықсыз келгені үшін ресми түрде ескерту жасады.
Бір күн бұрын Берік Уәли Семей қаласында биіктігі 50 метр болатын айналма дөңгелегін салуды тапсырған. Ал оның алдында өңірді тікұшақпен айналып шығып, Ертіс және Уда өзендерінің деңгейін тексерген.
Естеріңізге сала кетейік, Берік Уәли 17 ақпанда Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен Абай облысының әкімі болып тағайындалған еді.