
Енді Қазақстанның әрбір азаматы сыйға тартылған құдағи жүзігінен бастап, Gucci сияқты бренд сөмкелерге дейінгі бағалы заттарын салық есебіне енгізуі тиіс.
Мемлекеттік кіріс комитеті Жеке тұлғалардың табысы жөніндегі басқарма жетекшісі Дина Құсайынова Bizdin Orta подкастында осылай деп мәлімдеді.
1,2 млрд теңге пайда тапқан блогер
Шенеуніктің айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, үйлену тойында түскен сыйлықтарды ғана емес, біраз уақыт бұрын, мәселен, осыдан 15 жыл бұрын сыйланған Gucci сөмкесі немесе алмаз сырға үшін де декларация тапсыруға тура келеді.
Бұған қоса, салық жүйесіндегі өзгерістердің блогерлерге де қатысы бар. Енді олар бартер әдісімен алған сыйлықтарды: киімдерді, гаджеттерді, аксессуарларды және басқа да тауарларды табыс деп есептеуі керек.
«Блогер тұтынушылар арасында лотерея ойнатады. 50 мың адам 30 мың теңгеден береді. Бір ғана кейстен блогер 1,5 млрд теңге жинайды, ал үйді 300 млн теңгеге сыйлайды. Үйді ұтып алған адамның туысы ма, жоқ па – ол жағын білмеймін. Сөйтіп 1,2 млрд теңгесін қалтасына басады, бірақ табыстан салық төлемейді», – дейді Құсайынова.
Оның айтуынша, салық мекемесіндегілер блогерге хабарлама жолдаған, алайда ұтыс ойнатқан азаматтың қалай деп жауап бергені әзірге белгісіз.
«Егер ол 1,2 млрд теңгеден салық төлесе, біз істі жылы жауып қойя саламыз. Ал егер келіспесе, біз оған салыққа тексеру тағайындаймыз, бүкіл банк есептеріндегі қаржы операциялары туралы мәлімет алдырамыз. Сол кезде оның 1,5 млрд теңге емес, одан да көп тапқаны анықталады», – деп мәлімдеді кірістер комитетінің өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Мемлекеттік кірістер комитеті 600-ге жуық қазақстандық блогердің салық төлемегенін анықтадық деп хабарлаған.
Бүгін ғана премьер-министр Олжас Бектенов бюджетті толтыру үшін қосылған құн салығын көтеруден басқа жол жоқ екенін айтқан.