«ҚазМұнайГаз» басшысы қателесті ме? ОПЕК+ алдындағы міндеттер неге орындалмады

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің пікірінше, Қазақстан ОПЕК-ке бақылаушы ел болғандықтан, оның талаптарын орындауға міндетті емес.
Топ-менеджердің жеке пікірі
Жақында топ-менеджер Асхат Хасенов «Уәде» тележобасына қонаққа барып, Қазақстанның мұнай экспорттаушы елдер (ОПЕК) алдындағы міндеттері туралы сауалға жауап берді.
«Біріншіден, біздің мұнайымыз ОПЕК-тен әлдеқайда аз. Екіншіден, оны ешкім айтпайды, біз – бақылаушы, қараушы елміз, яғни міндеттемелерді орындау-орындамау өз еркімізде.
Бір салада жүргендіктен, талаптарды орындауға тырысамыз, бірақ міндетті емес. Біз өзіміздің жағдайымызға қарауымыз керек», – дейді ұлттық компания басшысы.
Ұлттық компания басшысының жеке пікірі қаншалықты орынды?
ОПЕК және ОПЕК+
ОПЕК – мұнай экспорттаушы елдер ұйымы 1960 жылғы қыркүйекте құрылған. Оның құрамына 12 мемлекет кіреді. Олар: Алжир, БАӘ, Венесуэла, Габон, Ирак, Иран, Конго, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Экваториалды Гвинея.
Шынымен, Хасенов айтқандай, Қазақстан ОПЕК құрамына кірмейді. Бірақ 2016 жылғы қарашада құрылған ОПЕК+ бейресми форматтағы альянс бар. Оған әлемдегі мұнай нарығындағы бағаға көңілі толмаған 11 ел кірген. Олар: Қазақстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Бразилия, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Судан және Оңтүстік Судан.
Қазақстан ОПЕК-тің өзіне болмаса да, ОПЕК+ альянсына өз еркімен, бірақ соған мүдделі болып кірген, соның құжаттарын, яғни шарттарын қабылдаған.
ОПЕК+ хартиясында да «жоғары деңгейдегі міндет» туралы айтылған.
«Хартия – оған қосылған елдер ерікті түрде орындайтын, бірақ заң тұрғысында ешқандай өзара міндеті жоқ, жоғары деңгейдегі міндеттеме», – деп жазылған Қазақстан да қабылдаған құжат қағидасында.
Дегенмен Хартия оған қосылған елдердің өндірісін шектей алмайды. Құжат ашықтық, теңдік және әділдік қағидаларын сақтауға үндейді.
«Ішкі жау»
Қазақстан, ОПЕК+ келісіміне сәйкес, мұнай өндірісін тәулігіне 1,468 млн баррельден асырмауы тиіс. Алайда республика 2024 жылдың басынан бері квотадан асып кетіп, альянс алдындағы міндеттемесін қайта-қайта бұзып жатыр.
Былтыр Bloomberg басылымы 2025 жылы Қазақстан картельдің «ішкі жауына» айналуы мүмкін деп болжаған. Әр жылдары квота орындамайтын «бұзықтар» рөлін Алжир, Ирак, тіпті БАӘ және Ресей атқарған. Соған қарағанда, ендігі кезек Қазақстанға да келіп жеткен секілді.
Асхат Хасеновтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» Теңіз мұнай кен орнын дамыту жобасындағы үлесін арттыруды көздейді.
«Ұлттық компанияның Теңіздегі үлесі 20%. Мен оның ұлғайғаным қалаймын», – деп мәлімдеді топ-менеджер телеарнаға берген сұхбатында.
«ҚазМұнайГаз» Теңіз кен орнын өндіретін оператор – «Теңізшевройлдың» 20%-на, америкалық Chevron 50%-на ие.
Қазақстанның мұнай квотасын орындамауын дәл осы Теңіздегі өндірісті арттыру жоспарымен байланыстыруға болады. Инвесторлар кенді игеру жобасына миллиардтаған қаржы құйған.
Reuters мәліметінше, 19 ақпанда Теңіз кен орнында 920 мың баррель мұнай өндірілді. Салыстырар болсақ, қаңтарда ғана мұнда орташа есеппен тәулігіне 640 мың баррель мұнай алынған. Сөйтіп, бір апта бұрын Қазақстан мұнай тарихында жаңа рекорд орнады – шамамен 2,12 миллон баррель.
Мұнау экспорттаушылар төзе ме?
Мұнай саласындағы сарапшылар Қазақстанның өндірісті еселеп арттыруы күндердің күнінде альянстағы басқа да мүшелерімен арада жанжал туғызады деп болжаған. Себебі мұнай квотасына қарсы шыққандарды ірі экспорттаушылар ұната бермейді.
Іс насырға шабар болса, картельдің жекелеген мүшелері бірігіп, қарымта шабуылға көшуі мүмкін. Бір ғана Сауд Арабиясының өзі шикізатымен мұнай нарығын толтырып тастауға шамасы шетеді.