Lifestyle

Қытайда жарқанаттан табылған жаңа коронавирус несімен қауіпті

Жарқанаттардан табылған тағы бір коронавирус адамдарға қаншалықты қауіпті / фото: shutterstock

Қытайда Ухань вирусология институтының ғалымдары жақында жарқанаттан коронавирустың HKU5-CoV-2 деп аталатын тағы бір түрін ашты. Вирустың бұл түрі де Covid-19 секілді адамның ACE2 рецепторы арқылы жасушаға ене алады деп жазды Bloomberg.

Вирустың жаңа түрінің адамдарға жұққаны туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Дегенмен осындай вирустың табылғанының өзі вакцина өндірісінің артуына әсер етті. Адамзат коронавирус індетінен қорқып қалған. Сол себепті Қытайда ғалымдар коронавирустың жаңа түрлері қаншалықты қауіпті деген сауалға жауапты жарқанаттан да іздеп жатыр.

HKU5-CoV-2 вирусы туралы не білеміз?

Зерттеушілер Гуандун, Фуцзянь, Чжэцзян, Аньхой және Гуанси провинцияларынан Pipistrellus тобына жататын жүздеген жарқанаттан HKU5-CoV-2 штамдарын жинады. Ғалымдар оның Таяу Шығыс тұмау синдромын (MERS) туғызатын коронавируспен туыс, бірақ SARS-CoV-2 штамынан алшақ екенін анықтады.

HKU5-CoV-2 штамы ACE2 рецепторымен байланысу арқылы адам жасушасына өтіп, басқаларына тарайды. Зертханадағы тәжірибелер кезінде вирус адамға ғана емес, басқа да сүтқоректілерге жұға алатынын көрсетті.

Қытайда зерттеуге жергілікті вирусолог Ши Чжэн Ли жетекшілік етті. Ол басқаратын мекеме жарқанаттардағы вирустарды зерттеумен танылған.

Адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?

Әзірге түсініксіз деп жазды Bloomberg. HKU5-CoV-2 вирусы адам жасушасына жұғатыны анықталғанымен, бұл оның адамнан-адамға тез таралады дегенді білдірмейді. Ғалымдарға осы штамның қоршаған ортада, әсіресе, жабайы немесе үй жануарларында қаншалықты кең таралғанын анықтау керек. Себебі солар арқылы да вирус адамға өтуі мүмкін. Қазір мамандар назары HKU5-CoV-2 вирусына ауғанымен, одан да қауіптірек штамдар кездесуі ғажап емес.

Жарқанаттар коронавирустың түр-түрін таратушыға жатады. Ол – MERS, SARS-CoV-1 және SARS-CoV-2 штамдарының табиғи резервуары. Қытайда жарқанат көп.

2021 жылы жүргізілген зерттеулер Оңтүстік-Шығыс Азияда ондаған мың адам жыл сайын жануарлардан коронавирус жұқтыратынын көрсетті. Бірақ адамдардың олардың көбісін сезбейді, өйткені симптомдары жеңіл немесе тіпті білінбейді.

Сол себепті HKU5-CoV-2 вирусының адам денсаулығына әсерін тереңірек зерттей берген жөн.

Жаңа індеттер болуы мүмкін бе?

Көпшілікті толғандыратын осы сауалға басылым «иә» деп жауап берді. Қазіргі таңда әлемде жаңа аурулардың тез таралу қаупі артты. Оған әуе қатынасы мен халықаралық сауданың шарықтап дамуы әсер етіп отыр. Жолаушылардың әуемен қатынауы ғасыр басындағы көрсеткіштен екі есе көбейіп отыр. 2019 жылы 4,5 млрд жолаушыға жеткен. Қытайда коронавирус індеті дәл осы кезде басталғаны мәлім.

SARS-CoV-2 және тұмау секілді әуемен таралатын патогендер ғалымдарды көбірек алаңдатады.

Мамандардың дені Covid-19 індеті SARS-CoV-2 штамының табиғи жолмен таралуынан басталды деп есептесе де, жұқпалы патогендермен жұмыс істейтін мекемелердің көбеюі болашақта осыған ұқсас індеттердің зертханадан да шығу қаупін өсіріп отыр.

Ғалымдар жасанды инттелект көмегімен аса қауіпті вирустар ойлап табатындар шыға ма деп те қауіптенеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қытай ғалымдарының жарқанаттардан жаңа коронавирус анықтағаны 2025 ақпан айында мәлім болды.

Жыл басында Қытайда метапневмовирус таралып, соның өзі бүкіл әлемді алаңдатқан. Вирус Қазақстанда да тіркелген.